Сот тағы төрт адамға үкім шығарды
Пара үшін орман ағашын заңсыз кесуге рұқсат берген «Ертіс Орманы» резерватының бұрынғы басшысы сот үкімімен он екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Резерваттың экс-басшысы мен тағы үш қызметкері, сондай-ақ олардың сыбайласы сот алдында жауап берді. Оларға пара алды, орман ағаштарын ұрлап, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген айып тағылған болатын.
Сот үкімімен резерваттың бұрынғы басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның қол астында істеген үш қызметкері 10 жылға сотталды. Ал олардың сыбайласы үш жылға қамалды. Сондай-ақ сотталғандардан жеке автокөліктері де тәркіленді.
Бұған қоса сот 120 млн теңгеден астам материалдық шығынды өтеу туралы талап-арызды қанағаттандырған.
Естеріңізге салайық, былтыр Антикор «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы ұсталғанын хабарлаған. Тергеу мәліметі бойынша ол орман ағаштарын заңсыз кесіп, сатқан кәсіпкерлерден пара алған.