Жалпыұлттық жобаға 6 млн адам қатысқан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестіктерді «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент былтырдан бері өз бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын атап өтті. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысқан. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды.
«Таза Қазақстан», бұл – біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл – киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл – өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз. Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», - деді Тоқаев ҚХА сессиясында.
Осыған байланысты ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестіктерді «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырды.
«Бұл – жай науқан емес, бұл – өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз. Баршамызға қатысы бар идеологиялық маңызды іске әр қаланың, ауылдың, көшенің және ауланың тұрғындарын жұмылдыру керек. «Таза Қазақстан», бұл – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді», - деді президент.