Семейде оқушы қызды көлік ішінде қинап зорлаған мұғалім өмір бойына сотталды

Автор: Нұргүл Абай

Ер адам соттан өзін ақтауды сұраған

Фото: istockphoto.com

Семейде кәмелетке толмаған қызды зорлаған бұрынғы мұғалім сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқушы қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық қаралды. Іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған.

«2024 жылы шілде айының соңында ер адам Семей қаласының оң жақ жағалауында автокөлікте отырып, күш қолдану арқылы жас баланы зорлаған», - деп хабарлады Абай облысы сотының баспасөз қызметі.

Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұраған. Алайда ер адамның кінәсі сотпен жан-жақты зерттелген қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оны педагогикалық және балалармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салайық, былтыр Семейде кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен мектеп мұғалімі қамауға алынғаны хабарланған болатын. Полицияға баланың анасы арызданған. 32 жастағы күдікті мектепте бастапқы әскери дайындықтан сабақ бергені айтылған. Ал жәбір көрген қыз сол кезде сегінші сыныпта оқыған.