Орта білімге жаңа серпін: «Әйел аманаты» жобасы аясында мектептерге арналған халықаралық аккредиттеу семинары өтті

Автор: Темірхан Айжан

Бүгінде елімізде халықаралық мектеп мәртебесіне 14 мектеп ие 

Фото: Azattyq Rýhy.

Бүгін Астана IT университетінде «Әйел аманаты» жобасы аясында  елордалық және өңір мектептерінің әйел басшыларына арналған «Мектептерді халықаралық аккредиттеу: НААР/IAAR тәжірибесі және білім сапасын қамтамасыз ету» тақырыбындағы оқыту семинары өтті. Іс-шараны Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (НААР/IAAR) «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырды.

Семинарға еліміздің әр өңірінен келген мектеп директорлары мен орынбасарлары, мұғалімдер, партия мүшелері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Жиын офлайн және онлайн форматта өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Негізгі мақсат – мектеп басшысы болып қызмет ететін әйелдерді халықаралық аккредиттеу сарапшысы ретінде даярлау. Бұл бастама олардың кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және халықаралық деңгейде білім сапасын бағалау процесіне қатысуына мүмкіндік береді.

Семинарда сөз алған ҚР Президенті жанындағы Саяси менеджмент академиясының өкілдері мен Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен Ақтөбе облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары халықаралық аккредиттеудің маңызына тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Адами капитал сапасы шешуші маңызға ие. Қарқынды технологиялық прогресс жағдайында бұл – ұлттық байлықтың негізгі ресурсы. Сондықтан білім беру – стратегиялық басымдық», – деп атап өткен болатын. Білім саласын дамытуда жауапкершілік пен сапа басты назарда болуға тиіс екенін Мемлекет басшысы бірнеше рет нақтылаған еді.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында адами капиталды дамытуға қолдау көрсету негізгі басымдық ретінде айқындалған. Соның ішінде «Әйел аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл семинар – әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру мен оларды білім беру мен қоғамдық өмірге белсенді тартудың нақты қадамы.

Бүгінгі таңда еліміздің экономикасында жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел – білім беру саласының өкілі. Мектеп директорлары мен бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерінің көпшілігі де – нәзік жандылар. Сондықтан мектептегі білім сапасы мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі көбіне осы әйел басшылардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты болып келеді.

«Бүгінгі семинар – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды шара. Біз, «AMANAT» партиясы, әйелдердің кәсіби дамуына, олардың білім беру жүйесіндегі рөлін күшейтуге тұрақты түрде қолдау көрсетеміз. Халықаралық аккредиттеу арқылы мектептер бір жүйемен жұмыс істеп, сапа стандарттарына сәйкес білім береді. Бұл, ең алдымен, балаларымыздың сапалы білім алуына жол ашады», – деді «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мария Өтебаева.

Семинарда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – халықаралық аккредиттеу тек мұғалімдер мен директорларға қатысты емес, жалпы мектептің барлық компонентін: материалдық-техникалық базасын, басқару сапасын, оқу ортасын, оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын, ата-аналармен өзара әрекеттесуін де бағалайды.

«Білім сапасы – тек оқушылардың мектепте қанша алғанымен шектелмейді. Ол – оқу бағдарламасының мазмұны, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі, мектептің басқару мәдениеті, қауіпсіз орта мен ата-аналармен байланыс сынды көптеген факторлардан тұрады. Бұл ретте халықаралық аккредиттеу сапаны жүйелі бағалауға мүмкіндік береді. Биыл Астанадағы 25 мектепке аккредиттеу рәсімін бастау жоспарланып отыр», – деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Альбина Қасенова.

Семинардың жоғары білім беру мекемесінің қабырғасында өтуі де тегін емес. Жоғары оқу орындарының аккредиттеу тәжірибесі бүгінде қалыпты жағдайға айналған.

Осы бағытта пікір білдірген Асқар Хикметов, Astana IT University ректоры: «Бұрын шетелдік агенттіктерге тәуелді едік, қазір өзіміздің ұлттық жүйеміз бар. Бұл тәжірибені орта білімге де енгізу дұрыс қадам деп санаймын. Болашақ университет студенттері дегеніміз бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан бұл жүйенің бірізділігі мен сапалылығы болашақ адами капиталдың негізі болмақ», – деді.

Мектептер үшін халықаралық аккредиттеудің құқықтық негізі мен елдегі ахуалы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі жан-жақты ақпарат берді.

«Білім беру ұйымдарын аккредиттеу – олардың сапасын танудың, ашықтығын арттырудың және білім беру қызметтерінің сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Өкінішке қарай, бұл тізімде қазіргі таңда мектептер саны аз. Сондықтан мектеп директорлары бұл үдерісте белсенділік танытқаны жөн. Бүгінде елімізде халықаралық мектеп мәртебесін 14 мектеп иеленіп отыр. Бұл – сапаға ұмтылыстың көрінісі», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев.

Семинар барысында қатысушылар халықаралық сарапшы болуға қойылатын талаптар, аккредиттеу кезеңдері, құжаттандыру, ішкі өзін-өзі бағалау және сыртқы сараптамалық бағалау мәселелерімен танысты. Сонымен қатар, тәжірибе алмасып, білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар талқыланды.