Бұл туралы шаһардың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты
Алматы карантиннің қатаң режиміне қайтадан өтуі мүмкін. Мұның себебін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус инфекциясының тоқтамай тұрғандығымен түсіндірді. Онлайн брифинг өткізген Бекшин қалада үш адамнан артық жиналуға болмайтынын да ескертті.
«Осыған дейін ашылған нысандардың қызметін тоқтату мәселесін қарастырамыз. Жүйелі түрде ескерту алып, карантин талаптарын бұзған нысандарды зерттеп, олардың қызметін қайта тоқтатамыз. Науқастар әлі де тіркеліп жатыр. Карантин талаптары бұзылатын болса, қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанбайды. Сондықтан алдағы уақытта карантин шараларын күшейту мәселесін талқылап жатырмыз. Бір отбасының мүшесін есептемегенде, үш адамнан артық жиналуға болмайды», - деді Жандарбек Бекшин.
Алматыда қауіпті індет жұқтырғандар саны - 2715. Оның ішінде 1627 науқас жазылып шықты. Бас санитар қазірдің өзінде ұжымдық шараларды өткізу үшін ғимараттарды алдын ала жалға алу жағдайлары көп анықталып жатқанын айтты. Алайда, қалада ұжымдық және мәдени іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ.
«Біз саябақтар мен бассейндерді, жағажайларды, сауда ұйымдарын және аттракциондарды ашпаймыз. Жақын арада қала маңындағы және мектеп жанындағы демалыс орындарын ашуды қарастырмаймыз, өйткені, бұл жерлерде балалар көп шоғырланады, вирусты жұқтыру қаупі жоғары. Шипажайларды ашуды да қарастырмаймыз. Жуық арада мәдени нысандардың, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар, балаларға арналған тамақтану алаңдарын ашу қарастырылмайды», - деді Бекшин.
Бекшин тұрғындарға санитарлық талаптарды орындамаған жағдайлар кездессе, дереу Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментіне, әкімдіктерге хабарлау керек екенін ескертті.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы