Тұтынушылар құқығы саласындағы өзгеріс: ұшақ кешіккені үшін өтемақы алу жеңілдейді

Автор: Темірхан Айжан

Өтемақы мөлшері рейс пен билет бағасына қарай 20 мыңнан 60 мың теңгеге дейін барады 

Фото: istockphoto.com

Жолаушылар ұшу рейсі кешіксе, өтамақы талап ете алады. Оның шарттары туралы ҚР Көлік министрлегі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Қатышев «1001 түн» бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, кешіккен әуе рейсі үшін жолаушыларға өтемақы қарастырылған. Қазіргі уақытта Көлік министрлігі мен азаматтық авиация комитеті жекеменшік компаниямен бірге сақтандыру жүйесін әзірлеп жатыр. Жолаушы билет сатып алғанда өз еркімен қосымша сақтандыру рәсімдей алады. Бұл үшін арнайы электронды платформа қарастырылады. Сақтандыру құны шамамен 2-3 мың теңге болады, ал өтемақы мөлшері рейс пен билет бағасына қарай 20 мыңнан 60 мың теңгеге дейін жетеді.

Дархан Қатышев сақтандыру халықаралық және ішкі рейстерге қолданылатынын атап өтті.

«Билет қымбат болған сайын сақтандыру мен өтемақы да жоғары болады. Егер рейс кешігіп, жолаушы сақтандырылған болса, өтемақы тікелей банк картасына қайтарылады», - дейді ол.

Сонымен қатар, қазіргі заңнама бойынша, егер рейс кешіксе, әуе компаниялары су, тамақ және қонақүймен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 2024 жылы осы талаптарды бұзғаны үшін әуе компанияларына 17 млн теңге айыппұл салынды. Бұған қоса, әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3 пайызы мөлшерінде өтемақы төленеді. Бұл сақтандыру жобасынан бөлек жұмыс істейді.