«Адамдықтан да, ардан да аттап жатыр»: депутат ЛГБТ-ны үгіттейтін ұйымдарға шүйлікті
Ол мәселені шешетін бірқатар ұсыныс жасады

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан ЛГБТ мәселесін көтеріп, үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жер шоқтығы – Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты» деп ашық айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық екенін атап өтті», - дейді Әшімжан.
Оның айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманымызды үйіріп, жанымызды шүберекке түйіп отыр.
«Әсіресе, олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеп жатыр. Аса жоғары технологиялық әдіс-айламен қаруланған мұндай қитұрқы үгіт-насихатқа әлі кәмелеттік жасқа толмаған, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған балалар мен жасөспірімдеріміз тез бой алдыратыны анық. Бұл әрекет БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі конвенциясына да қайшы келеді. Яғни олар халықаралық нормалардың өзін белден басып, адамдықтан да, ардан да аттап жатыр», - деді ол.
Депутат жастарды аздырып, отбасын ойран етуді көздейтін бұл ұйымдардың жымысқы әрекеттері сырттан, яғни шетелдерден қаржыландырылып жатқанын айтты.
«Олар бұл бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға түрлі гранттар беру арқылы еліміздің ішкі ісіне араласып, ұлттық болмысымызға жат дүниелерді таратуда. Осылайша, қоғамды іштен ірітіп, мемлекетімізге қауіп төндіруде. Мәселен, «Феминита» дейтін ұйым тіпті мектеп оқушыларының чатына «жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға» шақырулар таратқан. Қазіргі таңда осындай ұйымдарды қаржыландырып келген ЮСАЙД-тың жұмысы тоқтағанымен, батыс елдерінен қаржыландыру тыйылмай отыр. Ақша үшін барлық құндылықты аяққа таптаушылар жымысқы әрекеттерін жүргізу үшін сырттан долларлап қыруар қаржы алып отыр», - деді ол.
Жанарбек Әшімжан сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысын мұқият тексеріп, заң аясында қатаң шара қолданып, мүлдем тосқауыл қоятын кез жеткенін айтты.
«Бұл мәселені осыған дейін де әріптестерім Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салуға да бастамашылдық еттік. Алайда бұл Үкімет тарапынан қолдау таппай келеді. Былтыр бастамашыл азаматтар ЛГБТ-ға қарсы жариялаған петицияға екі аптаның ішінде 50 мыңнан астам адамның қолдап дауыс беруі қоғамның да бұған барынша қарсы екенін білдіреді. Дегенмен, қоғамның бұл орынды талабы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ішінара ғана қолдау тауып, зерттейміз дегенмен ғана шектелді», - деді депутат.
Әшімжанның айтуынша, ұрпағыңды аздыратын, дәстүріңді тоздыратын, алауыздықты қоздыратын, рухыңды сындыратын, сөйтіп елдігіңді тындыратын «демокартиялық үрдістердің» қажеті жоқ.
«Аузымен құс тістеген алыс-жақындағы елдердің өзі етектерін қымтап, есіктеріне қарауыл қоя бастады. Ал біз көңілімізді күпті қылып, жаратылысымызды байқап, шаранамызды шайқап тұрған құбылыстарды көзімізбен көріп тұрып қам-қарекетсіз отырмыз. Жанымыз шырылдап, тәніміз күйіп барады. Енді үкімет халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдардың қас-қабағына қарап жалтақтамай, еліміздің ішкі ісіне араласып, шаңырағымызды шайқағысы келетін мұндай қадамдарға батыл тосқауыл қоймаса бәрі де кеш болады», - дейді Жанарбек Әшімжан.
Ол жетпіс жеті атамызда жоқ осындай оспадар әрекеттердің алдын алу үшін жеделдетіп мынандай шараларды қолға алуды ұсынды:
- Бүкіл әлеуметтік желілерді қатаң сүзгіден өткізіп, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында ұлттық дәстүріміз бен дүниетанымызға жат құбылыстарды насихаттайтын азғын ақпараттарға тосқауыл қою.
- Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЛГБТ қозғалысының кәмелеттік жасқа толмағандарға әсері туралы зерттеуін аяқтап, жариялау.
- Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі моральдық құндылықтарымызды нығайту жөнінде арнайы тұжырымдама әзірлеу.
- Сырттан қаржыландырылатын, түрлі гранттар алатын, ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқ ететін үкіметтік емес ұйымдарды тексеріп, олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеуіне тосқауыл қою.