$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Халықтың атынан несие алып, қарызға батырып жатыр»: Әбенов банк саласына қатаң бақылау керегін айтты

Ол алаяқтар алған несиені банктер өздері өтеу керек дейді

«Халықтың атынан несие алып, қарызға батырып жатыр»: Әбенов банк саласына қатаң бақылау керегін айтты
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов ұялы байланыс операторларының тарифтерді халықпен келіспей көтеруіне, сол сияқты банктерден азаматтардың атынан несие алатын алаяқтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жалпы азаматтармен келіспей, тарифті көтерген және ол ешқандай есепке негізделмесе, ол заңсыз болады. Қазіргі жағдайда цифрлық министрлік осы мәселені жүйелеп тексеруі керек», - деді ол.

Депутат цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің бір жылдық қызметіне қатысты бағасын да берді.

«Бірқатар мәселе бойынша көңіл толатын дүниелер бар. ЖСН мәселесі, ұялы операторлар мен нөмірлерді бақылау, алаяқтарды әшкерелеу сынды шараларға көңілім толады. Дегенмен бүгін біраз сын айттық. Әсіресе, банк саласына қатысты мәселе көп. Банктерге көп құқықтық рұқсат беріп қойған. Бұл салаға бақылауды күшейту керек. Банктер азматтардың орнына электронды қол қойып, шот ашады, өздері алаяқтар арқылы несие алып, азаматтарды қарызға кіргізіп жатыр. Осының барлығын құзырлы министрлік бақылауға алуы керек», - деді Әбенов.

Оның айтуынша, кибералаяқтық бойынша да мәселе баршылық.

«Біраз ұсыныс бердік. Кейбір алаяқтарға қатысты айтатын болсақ, азаматтарға несиені тек бір нөмір арқылы беру керек. Көп алаяқ біреудің атынан басқа нөмірмен несие алады. Банк қызметкерлері алаяқтармен сыбайласады. Міне, осындай жағдай болмау үшін нақты қадағалау керек. Алаяқтар алған несиені банктердің өздері өтесін. Ал азаматтардың атынан несие алу кезінде интернет банкингте адам тексерілмейді. Бұл ЭЦҚ беру, бөтен нөмірге несиені бергізбеу цифрлық министрліктің жұмысы. Банктерге бақылау жоқ», - деді Мұрат Әбенов.

Серіктес жаңалықтары