Ол ішімдіктен мүлде бас тартқан кейбір облыстарды атады
Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына ішімдіктен бас тартқан ауылдар туралы пікірін жазып, статистика ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір жүздеген ауылдың тұрғындары өз еріктерімен ішімдіктен бас тартқан.
«Бұл — қарапайым халықтың саналы таңдауы. Тәртіп, денсаулық және балаларының болашағы үшін жасалған шешім. Мәселен, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы бір ауылда тұрғындар ішімдікті сатудан өз еркімен бас тартты. Осындай мысалдар Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Атырау және басқа да облыстарда кездеседі. Иә, бұл елдегі барлық ауыл санын ескерсек, теңізге тамған тамшыдай көрінуі мүмкін. Бірақ бастысы — жағдайдың оң серпіні бар», - дейді ол.
Берік Асыловтың айтуынша, осылай ішімдіктен бас тартқан кейбір ауылдарда қылмыс мүлде жойылған, тұрмыстық жанжал тоқтаған.
«Айта кету керек, ресми статистика бойынша ағымдағы жылдың алғашқы үш айында алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар саны азайған», - дейді Асылов.