Өткен жылмен салыстырғанда ет, сүт өнімдері айтарлықтай қымбаттаған
Статистика комитеті азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда (2019 жылдың мамыры – 2020 жылдың мамыры) 10,7%-ға қымбаттағанын хабарлады.
Нан өнімдері және жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай, кондитерлік өнімдер, жемістер, картоп, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады. Ал қант, жаңа жиналған көкөністердің құны арзандады.
2020 жылғы мамырда жарма өнімдері тобында қарақұмық жармасының бір келісіне орташа баға – 356 теңге (2019 жылғы мамырда – 244 теңге), сұлы жармасы – 364 теңге (338 теңге), тары – 370 теңге (307 теңге), күріш – 373 теңге (337 теңге).
2020 жылдың мамырында құмшекер келісінің орташа бағасы 211 теңгені, 2019 жылғы мамырда 245 теңгені құрады.
2020 жылғы мамырда ет және ет өнімдері бойынша, бір келі сиыр етінің жауырын-төс бөлігінің орташа бағасы 1894 теңгені (2019 жылғы мамырда – 1605 теңге), сүйегі бар қой етінің келісі – 1871 теңге (1548 теңге), сүйегі бар жылқы еті – 2166 теңгені (1827 теңге), шошқа етінің жауырын бөлігі 1534 теңгені (1355 теңге), шала ысталған шұжық – 2220 теңгені (2079 теңге), тауықтың сан еті – 849 теңгені (761 теңге) құрады.