Қоғамда әйелдерге қатысты патриархалды нормалар өз ықпалын жоғалтқан жоқ дейді сарапшы
Ерлер мен әйелдерге тең құқықтар мен мүмкіндіктер ұсыну – әділетті және дамыған қоғам құрудың маңызды шарты. Қазақстан гендерлік теңдік мәселесінде біршама алға ілгерілесе де, түйіні тарқамаған мәселелер әлі де баршылық. Azattyq Rýhy ерлер мен әйелдердің отбасындағы қазіргі рөлі, әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі мен гендерлік теңдіктің ер адамдарға әсері туралы сарапшылардың пікірін білді.
Гендерлік теңдік жөніндегі сарапшы Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, қазіргі қоғамда ер мен әйелдің рөлі айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Гендерлік нормалар бұрынғыдай қатаң емес, ал экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторлар әйелдердің қоғамдағы орнын кеңейтуге ықпал етті.
«Әйелдер енді тек үй шаруасымен және бала тәрбиесімен шектелмей, белсенді түрде еңбек нарығына араласып, саясатта, бизнесте, ғылымда, технологияда жоғары жетістіктерге жетіп жатыр. Бұл өзгерістердің негізгі себептеріне білім беру деңгейінің артуы, урбанизация, еңбек нарығының трансформациясы, цифрландыру және жаһандану жатады. Сонымен қатар, әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық және ұлттық деңгейдегі саясат та маңызды рөл атқарды. Дегенмен, дәстүрлі түсініктер әлі де сақталған Қазақстанда әйелдерге қатысты патриархалды нормалар өз ықпалын жоғалтқан жоқ. Сондықтан, өзгеріс біркелкі жүріп жатқан жоқ. Гендерлік рөлдердің өзгеруі кейбір ер адамдар үшін психологиялық қысымды арттырып отыр. Бұрын «ер адам – асыраушы» деген ұстаным мызғымас қағида болса, қазір әйелдер де қаржылық табыс әкелуші рөлін атқарып, тіпті кейбір отбасыларда негізгі табыс көзіне айналды. Яғни, бұл өзгерістер екі жақты әсер етуде. Бір жағынан, теңдікке бейімделген ер адамдар отбасының серіктесі ретінде жаңа мүмкіндіктер тапса, екінші жағынан, патриархалды тәрбие алған ер адамдар жаңа әлеуметтік шындыққа бейімделуде қиындықтарға тап болып жатыр», - дейді ол.
Осы орайда сарапшы ер адамдарды мынадай үш типке бөлді:
прогрессивті көзқарастағылар / профеминист/ фемеңгерлер – әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қолдап, отбасылық міндеттерді бөлісуге дайын.
консервативті көзқарастағылар – әйелдердің табысы артқанымен, «отбасы асыраушысы» рөлін сақтауға тырысады, әйелдің табысын қосымша көмек ретінде қарастырады.
теріс реакция білдірушілер/ мизоген/ сексистер – гендерлік рөлдердің өзгерісін қабылдай алмай, психологиялық дағдарысқа ұшырайды.
«Алайда, жалпы үрдіс гендерлік серіктестікке қарай бет бұрып жатыр. Ер адамдар біртіндеп әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі қалыпты жағдай екенін мойындап, отбасылық міндеттерді тең бөлісуге бейімделіп келеді», - дейді Әйгерім Құсайынқызы.
Оның пікірінше, қазіргі заманда ер адамдар үшін «отбасының асыраушысы» рөлі әлі де маңызды болып қала береді, бірақ оның мағынасы өзгеріп жатыр.
«Бұрын «асыраушы» болу ер адамның жалғыз жауапкершілігі саналса, қазір бұл жауапкершілік бірлескен міндетке айналып жатыр. Дегенмен, кейбір қоғамдастықта ер адамның негізгі асыраушы болуын талап ететін дәстүрлі көзқарас сақталған. Бұл әсіресе ауылдарда немесе патриархалды құндылықтар үстемдік ететін отбасыларда байқалады. Бірақ қалаларда, жоғары білімді орталарда бұл түсінік біртіндеп өзгеріп келеді», - дейді сарапшы.
Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, гендерлік теңдік – елдің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды факторлардың бірі. Дүниежүзілік экономикалық форум мен Дүниежүзілік банк зерттеулері көрсеткендей, әйелдердің еңбек нарығына тең дәрежеде қатысуы жалпы ішкі өнімнің өсуіне, кедейлікті азайтуға ықпал етіп, инновация мен технологиялық дамуды жылдамдатады, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттырады.
Әлеуметтік ғылымдар докторы, профессор Бибігүл Қылышбаева дәстүрлі рөлдің өзгеруі ер адамдардың психикасына қалай әсер етіп жатыр деген сұраққа біржақты жауап беру қиын дейді.
«Бәрі ер адамның жасына, білімі мен мәдениет деңгейіне байланысты. Қазір ер адамдардың көбі отбасылық өмірде теңдік пен серіктестікті бағалайды, балалардың тәрбиесіне белсене араласады. Балаға күтім жасау үшін декреттік демалыс алатындар да аз емес. Жас жігіттердің көбісі теңдікті қазық еткен отбасы моделін ұстанады», - деп санайды Бибігүл Наурызқызы.
Ал психология магистрі Бақыт Түсіпбекованың айтуынша, әйелдің дәстүрлі рөлінің өзгеруі ер адамның психикасына позитивті де, негативті де әсер етеді.
«Позитивті әсеріне тоқталсақ, біріншіден, қаржылық ауыртпалық жеңілдейді. Бұрын ер адам отбасының жалғыз асыраушысы болса, қазір әйелі де табыс табады. Әсіресе, жас аналар арасында, декретте отырған әйелдер неше түрлі кәсіп меңгеріп, қаржылық ауыртпалықты жеңілдетіп жүр. Бұл ер адамға қосымша мүмкіндік береді, яғни қызметін ауыстырып, жеке бизнес бастай алады. Екінші позитивті әсері – әке рөлінің күшеюі. Әйелдер жұмыс істеген сайын, ерлер бала тәрбиесіне көбірек араласа бастайды, ол әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтып, ер адамның отбасындағы орнын маңызды етеді. Үшіншісі – серіктестік қарым-қатынастың дамуы. Отбасылық өмірде ерлі-зайыпты бір-бірінің пікірін ескере отырып ортақ шешім қабылдайды», - дейді Бақыт Серікқызы.
Ал негативті әсерлердің бірі – өзіндік құндылықтың төмендеуі. Маманның айтуынша, кейбір ер адамдар дәстүрлі асыраушы рөлінен айырылуды өзінің мәртебесін жоғалту деп қабылдайды. Егер әйелі қызметінде табыстырақ болса, күйеуі өзін қажетсіз сезінуі мүмкін.
Екінші теріс әсері – әлеуметтік қысым және стереотиптер.
«Қоғамда ер адам әйелден көп табыс табуы керек деген түсінік әлі де бар. Егер бұл теңгерім өзгерсе, кейбір ер адамдар өзін төмен сезініп, күйзеліске түсуі мүмкін. Өйткені қоғамда қалыптасқан пікір оны өзін-өзі кемсітуге, төмендетуге итермелейді», - дейді ол.
Үшіншісі – отбасындағы жанжал және ажырасу.
«Әйелдің қаржылық тәуелсіздігі кейбір ер адамдар үшін билігін жоғалтқандай сезім тудыруы мүмкін. Егер ер адам әйелінің мансабын қолдамаса немесе өзін екінші орынға ығыстыратындай сезінсе, бұл отбасылық қарым-қатынасты қиындатады. Жалпы дәстүрлі көзқарасты ұстанатын ер адамдар үшін бұл өзгерістер психологиялық стресс пен шиеленіске алып келуі мүмкін. Ал егер ерлі-зайыпты бір-бірінің рөлін, мұүмкіндіктері мен қажеттіліктерін түсінуге тырысса, мұндай өзгерістер отбасындағы тепе-теңдікті нығайта алады», - деп санайды психология маманы.
Бибігүл Қылышбаеваның айтуынша, қазір қазақстандық қоғамдағы гендерлік теңдік күрделі трансформацияны бастан кешіруде: бір жағынан дәстүр мен патриархалдық модель қайта жанданса, екінші жағынан теңдік пен индивидуализм құндылықтары артып жатыр.
«Гендерлік режимге қатысты дау-дамай, пікірталас әлі ұзақ жылдарға созылады, бірақ біз жаһандық процестерден қашылып құтыла алмайтынымызды түсінуіміз керек. Гендерлік теңдік мәселесіне бізге байыппен қарап, баланс табу қажет: біз түпкі тамырымыздан ажырап қалмай, мәдениетімізді сақтап, бәсекеге қабілетті қоғамға айналуымыз шарт. Десе де гендерлік тәртіпке сыни көзқарас қажет. Мысалы, қазір «Ана үйі» сайтында соңғы он екі жыл ішінде жас аналарға көмек көрсеткеннің арқасында 7 323 сәби отбасымен қалды деп жазылған. Бірақ бұл жақындары теріс айналған 7 323 ана. Туыстары некесіз бала туғаны үшін олардан бас тартқан. Алайда оң босағада отырып бала табу – бұл қылмыс емес, өмірдегі қиын жағдай. Өкінішке қарай, мұны қыз баланың ағайын-туысқаны түсінбейді. Ал дәл солай қылмыс жасағаны үшін туыстары бас тартқан ұлдардың саны қанша? Олардың статистикасы бар ма екен?!», - деп ашынды профессор.
Гендерлік теңдік көбіне тек әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ретінде қарастырылғанымен, бұдан ерлердің де ұтары көп.
«Мұны түсіну үшін мынадай қарапайым тест бар: ер адамдар өз қыздарына қандай болашақ қалайды? Кейде консервативті көзқарастағы ер адамдар сүйікті қыздарының жоғары білім алып, өзін-өзі дамытып, қаржы жағынан ешкімге тәуелді болмай, көп ақша тапқанын қалайды. Бірақ өз әйелдеріне дәл осындай мүмкіндікті бермейді, олардың ошақ қасынан ұзап шыққанын қаламайды», - дейді Бибігүл Наурызқызы.
Ал Бақыт Түсіпбекованың айтуынша, гендерлік теңдіктің арқасында еркектердің психологиялық денсаулығы жақсарады.
«Дәстүрлі қоғамда ер адамдарға эмоцияны көрсетпеу, әлсіздік танытпау, қиындықтарды жалғыз шешу деген сияқты талаптар қойылады. Ал гендерлік теңдік эмоционалды ашықтықты қалыптастырып, ерлерге өз сезімін еркін білдіруге, жақындары тарапынан психологиялық қолдау алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар гендерлік теңдік – бұл экономикалық тұрақтылық. Егер әйелдер де ерлермен тең дәрежеде еңбек нарығына қатысса, отбасының қаржылық ауыртпалығы тек ер адамның мойнында болмайды, әйелі бірге көтереді. Жалпы қасаң түсініктерден арылу, эмоционалды еркіндік, отбасы мен карьера арасындағы баланс, серіктестік қарым-қатынас – мұның бәрі ерлер үшін маңызды артықшылықтар. Ал бұл дегеніміз психологиялық саулық», - дейді сарапшы.
Психология маманы Бақыт Түсіпбекованың пікірінше, гендерлік теңдік қазақ отбасындағы ажырасудың бір себебі болуы мүмкін, бірақ тікелей факторы емес.
«Гендерлік теңдік пен ажырасу арасында ықтимал байланыстар болуы мүмкін. Біріншісі, әйелдің экономикалық тәуелсіздігі. Бұрын әйелдер қаржылық жағынан күйеуіне тәуелді болғандықтан, көп жағдайда ажырасуға бара бермейтін. Ал қазір әйелдер өздері ақша тауып, карьера жасайтындықтан қиын некеде қалуды міндетті деп санамайды. Екіншісі, дәстүрлі және жаңа көзқарастардың қақтығысы. Кейбір ер адамдар әйелдерінің карьераға, тұлғалық дамуға ұмтылысын қолдамайды. Ал әйелдер, керісінше, дәстүрлі үйде отыру моделін қабылдамайды. Міне осыдан жанжал туады. Мұндай кезде ажырасу, әрине, балама шешім ретінде қарастырылуы мүмкін», - деп санайды сарапшы.
Оның айтуынша, ажырасудың негізгі себептері – мінездерінің сәйкес келмеуі, зорлық-зомбылық, психологиялық қысым, қаржылық қиындықтар, отбасындағы жауапкершілікті бөлісе алмау, сенімсіздік пен сатқындық.
«Гендерлік теңдік ажырасудың негізгі себебі емес, бірақ ол ерлі-зайыптының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге немесе шиеленісті күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Егер ерлі-зайыпты өз рөлдерін тең дәрежеде қайта бөліп, ымыраға келсе, гендерлік теңдік отбасының беріктігін арттыра алады. Ал егер жаңа рөлдерге бейімделу екі жаққа да қиынға соқса, мұның соңы ажырасуға апаруы мүмкін», - дейді Бақыт Серікқызы.