Наурыз мерекесі аясында жастар ардагерлерге құрмет көрсетті

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстанда Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр 

Фото: Жастар рухы

«Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері Наурызнаманы ерекше форматта атап өтіп жатыр. Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатындағы шара аясында 300-ден астам ерікті 100-ден астам қарияның үйіне барып, тұрмыс-тіршіліктеріне көмектескен, аулаларын қардан тазалап, сый-сияпат жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жастар Рухы» жастар қанатының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Жастар қариялардың өмірлік тәжірибесін тыңдап, олардың ақ батасын алды. Өз кезегінде ардагерлер қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықтар жайында сыр шертіп, жастарға ізгі тілектерін жеткізді. Шымкент қаласы, Жымбыл, Қостанай, Ақмола облыстарында жастар мен аға буын арасындағы рухани байланыс арта түсті», - деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Ал, Қостанай облысында «Жастар Рухы» белсенділері Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Федоровтің үйіне барып, оған құрмет көрсеткен.

«Ардагерлер – ел тарихының айнасы. Біз үшін оларды құрметтеу  үлкен міндет. Бүгінгі шара барысында қариялардың өткен өмірін тыңдап, өмірлік кеңестерін алдық. Мұндай кездесулер жастарға рухани азық болары анық», – деді «Жастар Рухы» Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сарсенбаева.

Ардагер Михаил Федоров жастарға алғысын айтып, батасын берген.

«Жастардың жанашырлығы мен ізеттілігі көңілімді көтерді. Осындай ықылас білдіргендеріне алғысым шексіз. Бұл дәстүрді жалғастыра беріңіздер», – деген ол.

Сонымен қатар, шымкенттік белсенділер Таисья Лазарева Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Ұрпақтар сабақтастығы халқымыздың ең асыл құндылықтарының бірі. Ардагерлеріміздің әрбір ақылы мен кеңесі біз үшін баға жетпес мұра. Бүгінгі іс-шара үлкендерге деген алғысымыздың бір көрінісі ғана. Біз бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді «Жастар Рухы» Шымкент қалалық филиалының белсендісі Жанерке Нұрланқызы.

Бұл бастама «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып, жастар арасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеуге бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек мереке кезінде ғана емес, жыл бойына тұрақты түрде өтеді.