Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайда Президент мемлекеттік саясаттың жаңа басым бағытын анықтап берді
AMANAT партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев Президенттің қатысуымен Бурабайда өткен ірі жиындағы көтерілген маңызды мәселелерге қатысты ойын білдіріп, Ұлттық құрылтайдың еліміздің алдағы даму межесін де нақты айқындағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өңірлерде Амал мерекесі аталып отырған сәтке құрылтайдың да тұспа-тұс ұйымдастырылғаны игі іс. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ елін құрылтаймен қатар келген Амал мерекесімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын мереке екендігін атап өтті. Сонымен қатар Рамазан айының, құрылтай мен Амал мерекесінің ортақ тұстары дәл осы ұлттық құндылықтарды жаңғырту екендігін айтып, елімізге берекелі болашақ тіледі.
Президент сонымен қатар жүргізілген реформалардың нәтижелі болғандығын баяндады. Шынында да бұл өзгерістер қоғамның тыныс-тіршілігінен соңғы кездері анық байқалып жүр. Мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтың қатысуымен шешу үрдісі қалыптасты. Конститутцияға түзетулер енгізіліп, сайлау жүйесі өзгерді, Конституциялық сот құрылды, көптеген заңдар қайта қаралды. Мемлекеттік басқару, құқықтық жүйе, азаматтық қоғам дамыды», - деді ол.
Оның айтуынша, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай еліміздің алдағы даму межесін де нақты айқындағандай.
«Президент қосымша құн салығын көтеру бойынша батыл реформа жүргізуді қолдады. Басты мақсат әділ әрі тиімді салық жүйесін құру арқылы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту екендігін ескертті. Сондай-ақ цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы екенін ескертті.
«Білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық» деп айқындап атап өткенін мемлекеттік саясаттың жаңа басым бағыты деп түсінемін», - деді Нұрбек Қарасаев.