Облыста осы уақытқа дейін 107 мыңнан астам абонетке 15 мың теңге жәрдемақы төленген
Төтенше жағдай кезінде 2 айдың коммуналдық төлемін өтеп беру үшін көмекке зәру қазақстандықтардың дербес шоттарына15 мың теңге жәрдемақы беріліп жатыр. Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, облыста көмектің осы түрін алу үшін 154 мыңнан аса өтініш жасалған.
«Облыс бойынша, жалпы тұрғындардан түскен өтінім саны – 154 028. Оның ішінде, 107 496 өтініш мақұлданды. Қазір42 583 өтініш қаралып жатыр. 3 919 абонеттің өтініші кері қайтарылды. Мақұлданған өтініштер негізінде тұрғындардың дербес шоттарына 701 491 584 қаржы аударылды» деп хабарланған өңірлік коммуникациялар қызметінің ресми мәлімдемесінде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі кері қайтқан өтініштердің себебін түсіндірген. Өтініштердің біразы бір отбасынан 2 адамнан көп өтініш түскен соң және өтініш беруші тұрғылықты мекен-жайын дұрыс жазбағандықтан, сондай-ақ дербес шоттарын дұрыс ұсынбағандықтан кері қайтарылған.
Коммуналдық шығынды төлеу үшін өтініш қабылдау мерзімі 25 маусымға дейін созылғаны қоса хабарланып отыр.
Айта кетейік, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және осыларға теңестірілген адамдар; мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар; көпбалалы отбасылар;ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарышқа ұшу құралын дайындау кезінде немесе ұшқан кезде; адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер осы көмекке өтініш бере алады.