«Фермерлерге көмектеседі»: Көкшетауда білім алатын оқушы халықаралық байқауда үздік атанды

Автор: Аягөз Құрмаш

Байқауға 20 елдің үміткерлері қатысқан

Фото: НЗМ

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аружан Жәнібек беделді World Youth STEM Invention Innovation (WYSII) 2025 халықаралық байқауында алтын медаль мен Best Environmental Award арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жас өнертапқыш байқауға «Жерұйық» – орталықтандырылған басқару жүйесі бар ауыл шаруашылығы топырақтарын талдауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешенін ұсынды.

Биыл WYSII байқауы «Болашақты қалыптастыратын жаңашыл шешімдер» тақырыбы аясында өтті. Оған 30-дан астам елден келген оқушылар өз ғылыми-зерттеу жобалары мен инновациялық идеяларын таныстырды.

Аружан бұл жобаны Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді зерттей отырып, 10-сыныпта әзірлей бастаған.

«Былтыр елімізде өнім түсімі төмендеп, фермерлер қиындықтарға тап болды. Осы жағдай «аграрийлерге көмектесе алатын технология жасауға бола ма?» деген сұраққа жетеледі», – дейді зияткер.

Осылайша, топырақ жағдайын бақылап, өсімдіктерге қажетті орта қалыптастыратын автоматтандырылған құрылғы жасау идеясы дүниеге келген.

«Құрылғы топырақтың рН деңгейін, ауа мен топырақтың ылғалдылығын, температурасын, жарық деңгейін үздіксіз бақылап, алынған деректерді өңдейді. Егер ылғалдылық белгіленген нормадан төмендесе, жүйе суару процесін автоматты түрде іске қосып, топырақтың қажетті деңгейде ылғалдануын қамтамасыз етеді. Осылайша, құрылғы әртүрлі топырақ пен өсімдік түрлеріне бейімделе алады», – деп түсіндіреді Аружан.

Жас өнертапқыш жобасын патенттеп, оны ауыл шаруашылығына енгізуді көздеп отыр.

«Бұл жүйенің фермерлер үшін қолжетімді болып, шығынды арттырмай-ақ өнімділікті жақсартуға көмектескенін қалаймын. Бұл – ауыл шаруашылығын заманауи, тиімді және тұрақты дамыту жолындағы маңызды қадам», - деді ол.

Айта кетейік, Аружан Жәнібек бұған дейін Кореяда өткен 6-шы Халықаралық шығармашылық жұмыстар конференциясының алтын жүлдегері атанған.

Тегтер: