Жеуге жарамсыз тамақтың тең жартысы Қазақстанға ЕАЭО елдерінен келеді

Автор: Темірхан Айжан

Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армениялық 34 өнім өндірушінің өнімін әкелуге шектеу қойылды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанға жеуге жарамсыз, бұзылған тамақтардың тең жартысы ЕАЭО-ге мүше елдерден келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комитет 2024 жылы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін мемлекеттік бақылаудан өткізу үшін 6400 сынаманы іріктеліп алған, оның 1097-і (17,1%) техникалық регламенттердің талаптарына сай келмеген. Оның ішінде 1025 (93,3%) өнімнің таңбалау ережесі дұрыс емес, 48 (4,3%) өнімнің микробиологиялық көрсеткіштері қате болған, 29 (2,6%) өнімнің физика-химиялық көрсеткіштері ережеге сәйкес келмеген.

«Өнімнің негізгі пайызы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге – 55,2 %, басқа елдерге – 35,1 % тиесілі. Отандық өндірушілер өндіретін тамақ өнімдері 9,7% сәйкес келмеді. Осыған байланысты 791 шара қабылданды. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне 145 материал жіберілді, сәйкестікті бағалаудың 92 құжатын қолдануды тоқтата тұру немесе күшін жою жөнінде шаралар іске асты. Бес тоннадан астам тамақ өнімдері алып тасталды», - делінген комитеттің редакцияға берген жауабында.

Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армениялық 34 өнім өндірушінің өнімін әкелуге шектеу қойылып, күшейтілген зертханалық бақылау енгізілген.

Бұған дейін комитет Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы оқушылар қытайлық тәттіден жаппай уланғаннан кейін санитариялық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізгенін хабарлаған еді. Сол жағдайға байланысты комитет редакция сауалына жауап бере отырып, толық мәлімет берді.

«Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Қобда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары өнім сатылған «Ай-Ару» дүкеніне қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда зардап шеккен балалардың барлығы денсаулық жағдайы тұрақталған соң ауруханадан шығарылды, оларға «жедел ингаляциялық улану» қорытынды диагнозы қойылды. Аталған жағдай бойынша Ақтөбе облысының прокуратурасына, Ақтөбе облысының әкімдігіне және ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс-әрекет белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін Қобда аудандық полиция басқармасына хаттар жолданды. Қазіргі уақытта Қобда аудандық полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Комитет аталған жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдады. Аталмыш өнімді сатушы дүкендерге санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді», - делінген жауапта.

Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, Қобдадағы төтенше жағдайдан кейін 1,5 мыңнан астам дүкен тексеріліп, Кеден одағының техникалық регламенттерінің көрсеткіштеріне зертханалық зерттеулер үшін шығу тегі күмәнді импорттық өнімдердің (снектердің) 14 үлгісі сатып алынған.

Зерттеу нәтижесінде Қытайдан келген кәмпиттің құрамынан дәм күшейткіштер анықталған: натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631), оларды өндірісте қолдану Техрегламенттердің талаптарында белгіленбеген. Таңбалауда өнімнің атауы, сандық құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушы мен импорттаушы ұйымның орналасқан жері, ГМО бар екендігі туралы ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ, өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалауды растайтын сәйкестік туралы декларациясы жоқ.

«Аталған өнім бойынша жедел ден қою шаралары қабылданды, олардың барлығы сатудан алынды. Көрсетілген тағамдарды сататын сауда объектілеріне техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес таңбаланған сәйкестік туралы декларацияның міндетті түрде болуымен тамақ өнімдерін сатуға қабылдау жөніндегі талаптардың сақталуы туралы хабарламалар жіберілді. Қазіргі уақытта осы өнімді әкелуге және сатуға тыйым салуды қоса алғанда, санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізілуде», -делінген жауапта.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті халықты сенімді сауда орындарынан тауарларды сатып алуға, қаптаманың затбелгісіне, атауы, құрамы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары көрсетілуі тиіс өнімнің таңбалануына назар аударуға, әртүрлі маркетплейстерден күмәнді өндірілген импорттық тамақ өнімдеріне тапсырыс беруден аулақ болуға шақырды.

Бүгінгі таңда санитарлық-эпидемиологиялық сараптама облыстық және аудандық деңгейдегі Ұлттық сараптама орталығының 84 аккредиттелген зертханаларында жүргізіледі.