Астанада ақылы автотұрақтардың саны көбеюі мүмкін – қала әкімінің орынбасары (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы ол редакция тілшісінің бірқатар сұрағына жауап бере отырып мәлім етті

Фото: скриншот

Астанадағы ақылы автотұрақтар 100 пайыз мемлекеттік мекемеге өтуге дайын. Бұл туралы бүгін Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап берген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлім етті. 

«Қазір ақылы автотұрақтар кеңістігін әкімдіктің балансына өткізу туралы мәселе қаралып жатыр. Арадағы келісімшартты бұзатын құжатқа қол қойылды. Енді автотұрақтардың мәселесімен 100 пайыз мемлекеттік мекеме айналысады», - деді бүгін Мәжілістің кулуарында ол.

«Коммуналдық балансқа өткеннен кейін астаналықтар үшін не өзгереді?» деген тілшісінің сұрағына жауап берген ол алдағы жоспар қоғамдық кеңес және мәслихат депутаттарымен талқыланатынын айтты.

«Сондай-ақ, қаланың өсуіне байланысты тұрақ сандары көбеюі мүмкін», - деді ол.

«Тұрғындар да, депутаттар да тұрғын үйлер мен саябақтардың жанындағы тұрақтарды алып тастау керек екенін жиі айтады. Сол мәселені қарастырасыздар ма?» деген сұраққа жауап бере келе Өтебаев мәселе талқыланатынын айтты. Бірақ, оның пікірінше, жеке тұрғын үйлердің алдына ақылы автотұрақ орнату дұрыс мәселе.

«Оларды (тұрғын үйлер мен саябақтардың алдындағы ақылы автотұрақтарды – ред.) алып тастай ма, тастамай ма әзірге нақты айта алмаймын. Бірақ, меніңше дұрыс деп есептеймін. Бірақ, қазіргі таңда ол үйдің иелеріне тұрақ тегін. Егер ол мүлкін түұрғынның атында болса, өз атына тіркелген көліктерге тегін болады. Бірақ, ол үйге келген басқа адамдар үшін ақылы болады», - деді Өтебаев.