Сонымен бірге, ұшқыштардың дайындығы да зерделенді
Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен әуежайлары, әуеайлақтардың техникалық жай-күйі қатаң тексерістен өтті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AZAL әуе компаниясы ұшағының апатынан кейін біз алты әуежайды: Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен әуежайларын, әуеайлақтардың техникалық жай-күйін және ұшуды қамтамасыз ету жұмыстарын мұқият тексердік. Сонымен қатар тұрақты әуетасымалдаушылар: Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan-ның 71 азаматтық әуе кемесіне перрондық тексеру жүргіздік. 686 ұшқыштың ұшу алдындағы дайындығын бақыладық», - деді ол.
Каталин Радудың айтуынша, бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, авиациялық қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, азаматтық авиацияның негізгі субъектілерін жоспардан тыс тексеру жалғасып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, ұшу қауіпсіздігі деңгейі 74%-дан 82%-ға дейін көтерілген.
Айта кетсек, Ақтау қаласының маңында болған ұшақ апатынан кейін премьер-министр Олжас Бектенов авиациялық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде жоспардан тыс тексеру жүргізу бойынша тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырма берген еді.