Әділет министрлігінің шенеунігі бюджет ақшасын ұрлады деген күдікпен ұсталды

Автор: Нұргүл Абай

Қазір ол изоляторда отыр

Фото: istockphoto.com

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Әділет министрлігіне қарайтын Сот сараптамалары орталығының басшысы ұсталғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шынымен де біздің өндірісте бұл қылмыстық іс бар. Ол бюджет қаражатын жымқырып, ысырап етті деген күдікке ілініп отыр. Оған қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Басқа мәліметтерді жария ете алмаймын», - деді Елемесов Мәжіліс кулуарында.

Ол шенеуніктің қанша сома ұрлағанын нақтылаған жоқ.

Бұған дейін Kozachkov offside телеграм-арнасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының басшысы Руслан Сатывалдеев қамауға алынғанын жазған. Дереккөзге сүйенсек, ол республикалық бюджеттен психотроптық және есірткі заттарына сараптама жүргізуге арналған жабдықты сатып алуға бөлінген миллиардтаған қаражатты жымқырған.