Жаңбыршин ТШО басшысына: Дональд Трамп бәрін өзгертіп жатыр ғой, сіздерге де өзгеру керек шығар

Автор: Нұргүл Абай

Біз қазақстандық қызметкерлердің біліктілігін арттырып жатырмыз дейді шетелдік инвестор

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «Теңізшевройл» ЖШС-дан қазақстандық компаниялар тендерге тендерге неге қатыса алмайтынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Теңіз жобасы бойынша елішілік құндылықты дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселесі бойынша отырыс өткізді. Сұрақ-жауап барысында депутат Еділ Жаңбыршин отандық компаниялардың тендерге қатысу мәселесін шешуді сұрады.

«Қарағанды компаниясын тендерге неге алмай отырсыздар, әлемдік деңгейде өнім шығарып отырған компания. Неге олар кіре алмайды, неге өз өнімін сіздерге өткізе алмайды. Ондай компаниялар көп, тек қана Қарағандыда емес, Атырауда, Ақтөбеде, Павлодарда да бар. Бізде жалпы машина жасау өндірісі жақсы дамыған, сонау кеңес заманынан бері келе жатыр. Тәуелсіздік алған кезде аздаған қиындықтар болды, бірақ өндіріс жұмыс істейді. Тіпті Маңғыстаудың өзінде де бірнеше зауыт бар. Неге солар ала алмайды? Заңға қатысты проблемалар бар ма, әлде ішкі процедуралық рәсімдер ме? Мүмкін оны қайта қарау керек шығар. Сіздің президентіңіз Дональд Трамп та бәрін өзгертіп жатыр ғой, мүмкін сіздерге де өзгеру керек шығар», - деді Жаңбыршин «Теңізшевройл» бас директорына.

Компанияның бас директоры Кевин Лайонның айтуынша, ТШО-ның құрылыс жобаларына қатысатын компанияларға үлкен әлемдік компанияларға сай келетін біліктілік қажет. Өйткені олар әлемдік деңгейдегі жобалар.

«Біз қазақстандық қызметкерлердің біліктілігін арттырып жатырмыз. Болашақта олар ірі жобаларға қатыса алатындай дағдыларын дамыттық. Жергілікті компаниялар субмердігер ретінде ірі компанияларға қызмет көрсетті, сол арқылы өз біліктілігін арттырды», - деп атап өтті Лайон.