Мемлекет кейбір азаматтарға көмектеспесе, сіз бен бізге МӘМС-ке 15% жарна төлеуге тура келеді – Аймағамбетов

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекеттің өз міндеттемелерін орындай алмай отырғаны – ең қиын мәселе дейді депутат

Фото: parlam.kz

Қазір мемлекет балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер сияқты халықтың 15 санатына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын өзі төлейді. Алайда соңғы жылдары әртүрлі себептерге байланысты денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі азайып барады. Мемлекет жеңілдікке ие санаттар үшін МӘМС қорына қарыз болып қалған. Бүгінде берешек сомасы 500 млрд теңгеден асып жығылады. Azattyq Rýhy тілшісі Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтен бюджеттің өз міндеттемесін орындамауы келешекте медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне кері әсерін тигізбей ме деп сұрады.

Аймағамбетовтің пікірінше, қаржы тапшылығы медициналық көмек сапасының нашарлауына әкеп соғады.

«Қазір сіз ай сайынғы жалақыдан МӘМС қорына 2%  жарна төлейсіз, мен де солай төлеймін. Жұмыс істейтін азаматтардың барлығы 2% төлейді. Сосын біздің жұмыс берушіміз қосымша 3% төлейді. Бұл енді жұмыс істейтін азаматтар үшін. Ал жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, балалар, зейнеткерлер бар, сол санаттағы азаматтарға жарнаны мемлекет төлейді. Бірақ қазіргі проблема неде? Алдыңғы жылы мемлекет сол азаматтардың 50 пайызына жарна төлемеген. Сонда азаматтардың төлеген жарнасы мен бюджеттен бөлінген ГОМБП бойынша жарна жетпеген тапшылықты жабуға тырысты. Ал ол жаба ала ма? Әрине, жаба алмайды. Соның кесірінен біздің ауруханаларда ұзын-сонар кезек, медициналық көмектің сапасына, барлық мәселеге үлкен кері әсерін тигізіп жатыр», - дейді депутат.

Оның айтуынша, мемлекет 500 млрд теңгеге жуық қарызды міндетті түрде өтеуі керек.

«Тіпті 2025 жылдың өзінде міндетті кепілдендірілген медициналық көмекке (ГОБМП) тек қана тоғыз жарым айға бюджеттен қаражат бөлінген. Ал қалған үш ай не істейміз? Қалай жабамыз? Бюджеттің проблемаларын бәріміз білеміз. Бюджетке дер кезінде қаражат түспеуіне байланысты осындай қиындықтар болған. Бірақ бізге бүгін әріптестеріміз бұл қарызды биыл жабамыз деп отыр. Жапса, өте дұрыс болар еді», - дейді мәжілісмен.

Осы орайда Аймағамбетовтен мемлекет өзі құрған қорға неге өзі жарна төлейтінін, халықтың 15 санаты үшін медициналық көмек неге тегін көрсетілмейтінін сұрадық.

«Қалай тегін болады? Тегін болса, сіз бен біз берген жарнамыз жетпейді. Онда сіздің жарнаңызды 2 пайыз емес, 15 пайыз қылу керек болады. Яғни сіз өзіңізге ғана емес, мысалы 3-4 зейнеткерге де төлейтін боласыз. Ондай мүмкін болмағаннан кейін, мысалы әр азамат өзіне жарна төлейді, ал өзіне төлей алмайтын азаматтар, зейнеткерлер мен оқушылар үшін мемлекет төлейді. Бірақ бүгінгі күнгі проблема, ол басқа мемлекеттерде де осындай тәжірибе бар, мемлекет өзінің жауапкершілігін орындай алмай отыр, осы санаттар үшін ақша төлей алмай отыр. Міне, ең қиын мәселе осы», - дейді Аймағамбетов.

«МӘМС жарнасы түсетін қордың соңғы бенефициары кім?» деген сұрағымызға:

«Соңғы бенефициары –  сіз, мен, кәдімгі қарапайым адамдар. Өйткені біз қызмет аламыз. МРТ, КТ, анализдеріміздің бәрі сол қорға түсетін ақшадан. Егер сол ақша түспесе, онда ауруханалар бізге ешқандай қызмет көрсетпейді», - дейді депутат.