«СЭС балабақшаларды жағалап жүр»: депутат елдегі бақша иелері айыппұл төлеу үшін несие алып жатқанын айтты

Автор: Бақыт Шынар

Қайрат Балабиев жекеменшік балабақшаларға қойылатын «қызық» талаптарды сөз етті

Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев бүгінгі жалпы отырыста премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдай отырып, тексерістен көз ашпай отырған жекеменшік балабақшалардың проблемасын қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауларында: «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді» жекеменшік бала-бақшалар есебінен орындауды тапсырған болатын», - деді сөзін бастаған ол.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сенсек, республика бойынша 986 мыңнан астам бала бақшаға барып жүр. Оның жартысынан астамы жекеменшік.  Ал 2 жастан 6 жасқа дейін 84 мың бала кезегінде тұр. Бұл  балалардың  8,5 пайызы балабақшаға бармайды деген сөз. Басқа облыстарды айтпағанда, бас қаламыз Астананың өзінде балабақша жетіспейді.

«Сайлаушылармен кездесу кезінде, бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Кәсіпкерлер әсіресе Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімше қызметкерлері тарапынан профилактикалық тексерулер көбейіп, түрлі сылтаумен негізсіз айыппұл салатынына наразы. Мораторий алынғалы тексеруші органдар балабақшаларды жағалаудан жалықпай келеді екен. Құрылтайшылар «қудалаудың» астарында не жатқанын білмесе де, бұны бизнестің дамуына қарсы дискриминация деп түсінеді», - дейді депутат.

Ал, Балабиевтің айтуынша,  Бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жылына екі реттен көп тексеріс жүргізбеуі керек.

«Алайда, өткен жылы мектепке дейінгі ұйымда 7 497 тексеру жүргізілген,  тексеріс қорытындысы бойынша 6 802 (90,7 %) объектіде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 14 776 жүйелі бұзушылық тіркеліп,  4 027 жауапты тұлғаға 1 млрд. 120 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Әр кәсіпкерге жылына екі рет салынған айыппұл 1 млн. теңгеден асып, қалталары көтермей, айыппұлды несие алу арқылы төлеуге мәжбүр болған. Бұл мекемелер саудамен айналыспайды, басқа табыс көзі болмағандықтан,  жекеменшік балабақшалар банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Бұлай жалғаса берсе, балаларды балабақшалармен 100 пайыз қамтуымыз екіталай», - дейді ол.

Бұл ретте ол үздіксіз білім беру қауымдастығы құзырлы органдармен бірлесіп «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын»   санитарлық ережелер сәйкестігіне талдау жасаған. Қорытындысы бойынша  Тексеру парағындағы 76 талаптың 16-сы санитарлық талаптармен реттелмегендігі, 41-інде сыбайлас жемқорлық тәуекел факторлары анықталған екен.

«Өйткені, мәселе балабақшаларда емес, ережелердің өзінде. Оларды кейде түсіну қиын және орындау мүмкін емес. Тротуарлардың қатты жабындары, еденнің, төбенің, қабырғалардың зақымдануы, жылу жүйелерінің радиаторларына арналған тосқауыл құрылғылары және жұмысқа жарамды жиһаздың болуы санитарлық нормаларға қандай қатысы бар?  Сонымен қатар, жекеменшік балабақшалардың 80 пайыздан астамы ауылдарда және жалға алынған тұрғын үйлерде орналасқан. Бекітілген ережелер ауылдық жерлердегі объективті шындыққа сәйкес келмейді және ондағы балабақшалар үшін барлық стандарттарға сәйкес келетін ғимараттар жоқ. Кәсіпкерлер өз бизнесінің амандығын ойлап, санитарлық дәрігерлердің әрекетіне шағымданудан қорқады, ал дауласу бизнес үшін өте тиімсіз. Сондықтан, бұл мекемелер, көбінесе, нақты санитарлық қауіп-қатерлерге қатысы жоқ бұзушылықтар үшін төлеуге мәжбүр болады», - дейді Балабиев.

Осыларды тізе келе депутат Тамара Дүйсеноваға үкімет шешуі тиіс мәселелерді тізіп берді:

  1. Жекеменшік балабақшалар бизнесінің тұрақтылығын сақтау үшін оларды негізсіз әкімшілік және қаржылық қысымнан қорғап, мемлекеттік қолдау мен реттеу тетіктерін айқын әрі әділ болуын қамтамасыз ету;
  2. «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын бекіту туралы» ережені қайта қарау;
  3. Үкіметтің міндеттемесіне байланысты 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайыз қамту мәселесін түпкілікті шешуді және оларға салынатын айыппұл көлемін азайту.