Қорғаныс министрінің орынбасары үш сарбаздың өлімі үшін жаза ретінде ескерту алғанын айтты

Автор: Бақыт Шынар

Шайх-Хасан Жазықбаев бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында мәлім етті

Фото: скриншот

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев 2024 жылы мерзімді әскерде неше сарбаз суицид жасағанын және ол үшін өзі қандай жаза алғанын айтып беруге тырысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, Жазықбаев бұл сұраққа жауап бере отырып әлеуметтік желіде тараған кейбір ақпараттар бұрмаланған, шындыққа жанаспайды деген пікірін алға тартты. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап мерзімді әскери қызметшілердің саны 12 мыңға дейін көбейген, ал, өлім-жітім азайған. Сарбаздардың суициді немесе өлімі үшін кінәлі тұлғалар қорғаныс министрлігінің бұйрығына сай жазаланады дейді. Бұл ретте журналистер статистика бұрмаланған деп санайтын Жазықбаевтан нақты өлім-жітім мен сол сарбаздардың өлімі үшін министрдің орынбасары ретінде өзі қандай жаза алғанын сұрады.

«Қазір менің қолымда қағаз жоқ, цифрлардан қателесіп кетуім мүмкін. Менің ойым бойынша 2024 жылы әскердегі суицид саны - үшеу. Үш сарбаз. Әлеуметтік желідегі 270 деген сан бұрмаланған цифр. Бұл мерзімді әскердегі сарбаздар туралы. Келісімшартпен жұмыс істеп жүрген әскерлер арасындағы суицид бойынша қолымда дерек жоқ. Осы үшін мен өзім ескерту алдым», - дейді Жазықбаев.