Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы аукционға шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайтарылған автиктерді басқару компаниясы» ЖШС Нұра ауданы, Ерейментау көшесінде орналасқан астыңғы қабаты бар жер үйді сатылымға шығарды. Зәулім сарайдың бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепіл жарнасы 117,9 млн теңгені құрайды.
Аукцион 25 ақпан күні сағат 10.00-де E-Qazyna веб-платформасында өтеді.
Электронды сауда алаңында сатылымға қойылған үйдің суреттері жарияланған. Дәл осы фотоларды осыдан үш жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған еді. Зәулім сарай қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовке тиесілі болған. Мәсімов ұсталғаннан кейін осы үйден 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, қымбат сағат, алтын құймалар мен антиквариат және тағы басқа құнды заттар тәркіленген. Зәулім сарайдың ішінде бассейн, жаттығу залы, би алаңы мен кинозал бар.
Естеріңізге салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған болатын. Қылмыстық іс бойынша сот жабық өтті. Сот үкімімен Мәсімов мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды.