Оның сауда орталығында сауалнама жүргізгісі келген
Астанадағы ойын-сауық орталығына әшекей сататын дүкен туралы сауалнама жасаймын деп кірген әншіні күзетші қуып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алтынай Жорабаеваның айтуынша, «Хан Шатыр» орталығына кірген кезде, танитын адамдар жақын келіп, әншімен суретке түсе бастаған. Сол кезде ол әлеуметтік сауалнамасын жүргізген. Бірақ ойын-сауық орталығының күзетшісі әншінің әрекетін заңсыздыққа балаған.
«Сіз әкімшіліктен рұқсат алдыңыз ба дейді. Ол қайдан шыққан заң? Қарапайым халық келіп менімен суретке түсу үшін, сен олардан сауалнама алғаным үшін әкімшіліктен рұхсат сұрауым керек па? Бұның бәріне кім қарайды? Командаммен келіп, клип түсіріп жүрсем әңгіме басқа. Қарапайым халықты түртпектегенді қашан қояды екен», - дейді Алтынай Жорабаева.
Айтуынша, күзетші не өзін таныстырмаған, не түсіруге рұхсат жоқ деген құжатты көрсетпеген. Әнші еліміздегі көпшілік нысандарда фото, видеоға түсіруге тыйым салынғанын айтып, шағымданды. Ол шетелдерде мұндай проблемаға кезікпедім дейді.
«Қаншама шетелге барып жүрміз, осындай видеолар түсіреміз, жүрген адамдарға сұрақ қоямыз, жауап беріп жатады. Ешқандай күзетші келіп «бұл жерде түсіруге болмайды, бұлай жасамаңыз» демейді. Біздікі тек шаш ал десе бас алып, тексеру керек нәрсені тексермей, тексермеу керекті тексеріп жүреді. Заңды өздері толығымен түсінбейді, қалай келіп сөйлеуді де білмейді. Бізде суретке түсуге тыйым салатын жерлер өте көп. Ұшаққа мінейін деп тұрғанда түсіртпейді, ғимараттарда түсіртпейді, шетелде мұндай мәселе жоқ»,- деді ол.