Бағаның көтерілуі тасжолға байланысты болады
Көлік министрі Марат Қарабаев биыл ақылы жолдардың бағасы төрт есе өседі деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде ақылы жолдар 2025 жылы төрт есе қымбаттайтыны туралы ақпарат тараған.
Министрдің айтуынша, бұл ақпарат – жалған.
«Ақылы жолдар төрт есе қымбаттайды деген ақпаратты толығымен жоққа шығарамын. Бұл қате ақпарат», - деді Қарабаев Үкімет отырысында.
Алайда министр ақылы жолдардың бағасы өсетінін жасырған жоқ.
«Бағаның өсуі жолға байланысты болады. Бір учаскелерде баға 30 пайызға, басқаларында 40 пайызға көтеріледі. Жалпы ақылы жолдар біртіндеп қымбаттайды. Бірақ тасжолға жақын тұратын және сол жолмен үнемі жүретін елді мекен тұрғындары үшін абоненттік төлем қарастырылған, жылына 3000 теңге», - деп түсіндірді ведомство басшысы.