Ол қазір Ақмола облысының Шортанды ауданында тұрады
Бұған дейін жазғанымыздай, Ақмола облысы Шортанды ауданында төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Любовь Кузнецова Azattyq Rýhy YouTube-жобасына сұхбат бере отырып, басынан кешкен қиындықтарын айтып берді.
Любовь екі рет тұрмыс құрған. Соңғы жолдасы аяғы ауыр кезде тастап кеткендіктен, бүкіл қиындықты жалғыз еңсерген.
«Бірінші күйеуім түрік болды, Алматының азаматы. Заңды некеге отырған жоқпыз, мұсылманша неке қидырдық. Бірінші балам, артынан екінші балам туды. Бір күні жолдасымның жүрегі қатты ұстап, ауырып қалды. Мен үшінші баламды босанғамын. Пәтерден пәтерге көшіп қатты қиналдық. Мен жергілікті әкімдікке барып, жатақханадан болсын бөлме беріңіздерші дедім. Негізі, жетім болғандықтан, маған онсыз да үй берілу керек. Бірақ, ол да жоқ болды. Мен үй сұрап барғанда, олар маған «сізге үй бере алмаймыз, бірақ балаларыңызды жетімдер үйіне орналастырып бере аламыз» деді. Ол жерден көз жасым көлдей болып шықтым», - дейді ол.
Любовь кейін екінші рет тұрмысқа шыққан. Төртінші баласына жүкті кезінде ол жолдасымен де ажырасқан.
«Мен оның екінші әйелі болдым. Бір күні ол маған «мен үшінші әйел алғым келеді» деді. Мен қарсылық таныта алмадым», - деді ол.
Дегенмен, Любовь ол жолдасынан да ажырасып, қазір төрт баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.