Астана тұрғыны аты-жөніндегі «с» әрібі үшін соттасып жүр

Автор: Бақыт Шынар

Ол сол әріптің кесірінен ұшаққа міне алмай қалған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астана қаласының тұрғыны аты-жөніндегі артық бір «с» әрібі үшін қаланың әуежайын сотқа берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Істі Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты қарап жатыр. Адвокат Дәнілхан Шағатаевтың жазуынша, оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде болыпты.

«Менің қорғауымдағы адам 2024 жылдың 12 қыркүйегі күні Астанадан Оралға ұшып баруы керек еді. Ол билетті онлайн алған, рейске онлайн тіркеліп, әуежайдағы компанияның тіркеу бөлімінен отыратын жерінің талонын алған. Енді ұшаққа мінетін аймаққа барар кезде, әуежайдың қауіпсіздік қызметі оны жібермей қойған. Себебі – оның жеке куәлігіндегі тегі отыратын талондағы тегімен сәйкес келмеген. Ал, менің қорғауымдағы адамның тегі негізінен бір «с» әрібі арқылы жазылады. Билет алар кезде ол тегін латын әріптерімен «s» арқылы жазады. Бірақ, жеке куәлігінің артқы жағында тегі екі «сс» әрібімен жазылған. Қауіпсіздік қызметі әуе компаниясының тіркеу өткізетін жеріне барып, талонды ауыстырып келіңіз деген. Барса, FlyArystan компаниясы талондағы деректер ұшуға екі сағат уақыт қалғанша ғана түзелетінін айтқан. Жолаушы осы мәселемен жүргенде, ұшағы ұшып кеткен», - дейді адвокат.


Оның айтуынша, сот процессі аяқталуға жақын. Адвокат соттың шешімі қандай болғанын міндетті түрде хабарлаймын дейді.