Қазақстан суды үнемдеу үшін жақын арада халыққа жаңа норма енгізуі мүмкін

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айтты

Фото: istockphoto.com

Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт ресурстарды, соның ішінде суды үнемдеу үшін оны тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет деді. Бұл бағыттағы жұмыс бойынша үкімет 1 маусымға дейін есеп беруі керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті. Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын», - деді Тоқаев.