Тоқаев Үкіметке батыл шаралар қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы туризм саласында артты қалып бара жатқанымызды айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет екенін айтты.
«Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет», - деді ол.