Қоршаған ортаны қорғау: «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауылында 300 келі қоқыс жиналды

Фото: партияның баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы кезекті рет экологиялық «Таза бейсенбі» акциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Маңғыстау облысында партия мүшелері Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы Тәуелсіздік алаңын тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Олар алаңды арамшөптерден арылтып, қураған өсімдіктерді шауып, шамамен 300 келі қоқыс жинады. 

Шымкент қаласында партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері №8 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің аулаларында қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Олар балалар алаңындағы мұзды ойып, кіреберістердің жанындағы орындықтарды және автотұрақ орындарын тазалады. Бұл арқылы партия мүшелері жергілікті тұрғындарға көмек беріп қана қоймай, коммуналдық қызметкерлердің қиын еңбегін қолдауға да үлес қосты. 

Батыс Қазақстан облысында партия мүшелері Бөкей ордасы ауданының бірнеше ауылын аралап, зейнеткерлерге шөп жинау, отын дайындау және малға қарау бойынша көмек көрсетті. 

Қызылордада «Жастар рухы» белсенділері мен «AMANAT» партиясының мүшелері «Тағзым» алаңында қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қызылордалықтардың есімдері жазылған ескерткіш орналасқан Даңқ аллеясы бойында да тазалау жұмыстары атқарылды. 

«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Әрқайсымыздың борышымыз – әкелеріміз бен аталарымыздың ұлы ерлігі туралы, бейбітшіліктің қаншалықты нәзік екенін, тыныштық пен тұрақтылықты әрдайым сақтау қажет екенін жастарға жеткізу. Сонымен қатар мұндай акциялар тәрбиелік мәнге ие, жастар облысымыздың батыр тұлғаларының есімдерін білуге тиіс», – деді Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мусаева. 

Айта кетейік, қар мен қоқыс тазалау бойынша осындай шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып келеді. Олар қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартады. Бүгінге дейін 90 мың тонна қоқыс жиналып, 50 мың адам акцияға қатысты. Сонымен қатар белсенділер 100-ден астам өзен-көлдер мен су айдындарын тазартып үлгерді.