Сенатор алаңдауға негіз жоқ дейді
Шекара заставаларының құрылысы созылып кеткеніне қарамастан, еліміздің шекарасы сенімді қорғалған. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шекарамыз берік құлыпта тұрғанын сенімділікпен айта аламын. Бүкіл шекара заставасы штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Шекара қызметінің жұмысына қатысты қандай да ескертулер жоқ. Сондықтан бұған алаңдамауымыз керек», - деді Лукин Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, Сенатта шекара заставаларын техникалық жарақтандыру бойынша жиналыстар өткен. Депутаттар да кемшіліктерді атап өткен.
«Мысалы құрылысы бітпей жатқан 20 шекара заставасы, шекарадағы өту бекеттерінің құрылысы. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр, біз Көлік министрлігінің есебін тыңдадық. Сондықтан тиісті шаралар қабылданған, мониторинг жасап жатырмыз. Президенттің Үкіметке шекара қызметіне қатысты тапсырмасы толығымен орындалады. 2025 жылдың соңына дейін жаңа 20 шекара заставасы салынып бітсе, 2029-2030 жылдарға дейін 50 застава іске қосылады», - деп сендірді депутат.