Топ мүшелерінің бәрі бұрын сотты болған
Жамбыл облысында екі жыл бойы қарапайым халық пен кәсіпкерлерді бопсалап, қорқытып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық топтың әрекеті 2023 жылы көктемде әшкереленген.
«Бұрын сотталған 7 адамнан тұратын қылмыстық топ екі жыл бойы қайырымдылық қордың атын жамылып, кәсіпкерлерді қорқыту және оларға күш қолдану арқылы бопсалау, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу және қорғаншылық көрсетумен айналысқан», - дейді Жамбыл облысының прокуратурасындағылар.
Мысалы, қылмыстық топтың мүшелері басшыларының нұсқауымен материалдық пайда табу мақсатында, қарыз мәселесін шешу үшін Меркі ауданында күш қолдану арқылы екі жәбірленушіден 1 млн теңге және өздері тұтыну үшін 10 келі есірткі талап еткен. Жәбірленушілердің бірі өмірі мен денсаулығы үшін қорқып, банк қосымшасы арқылы 500 мың теңге аударған. Ақшаны ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері бөліп алған.
Осы тектес қылмыстық схема 4 кәсіпкерге қатысты да қолданылған.
2025 жылғы 21 қаңтарда Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы іске қатысты үкім шығарды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 11 жылға, сыбайластары 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.