«Бағдат Мусин есіме түсіп кетті»: вице-министр интернет туралы сұрақты естігенде күліп жіберді (ВИДЕО)

Автор: Нұргүл Абай

Шенеунік экс-бастығына қатысты хейттан кейін өзі туралы ақпараттар қандай тақырыппен шығатынын елестеткен

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек журналистің интернет сапасына қатысты сұрағын естігенде неге күліп жібергенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілі цифрлық даму вице-министрінен елдегі интернеттің сапасы қашан жақсаратынын сұраған. Журналистің сауалын естігенде Асхат Оразбек реакциясын жасыра алмады.

«Сіз сұрақ қойғанда мен неге күлдім дейсіз ғой. Экс-министр Бағдат Мусинге қатысты хейт есіме түсіп кетті.  Сосын бүгінгі отырыстан кейін мен туралы қандай тақырыптармен ақпараттар шығатынын көзіме елестеттім. Себебі рейтинг Астанада интернет Токиодан жақсырақ екенін кезекті рет көрсетіп отыр. Достар, бұл біздің рейтинг емес, біз оны жасамаймыз, бұл - халықаралық рейтинг. Кейде біз осы мемлекеттік органдардың қызметі туралы позитивті шындықты жария етпей, үнсіз қалуымыз керек сияқты көрінеді. Тек қана негативті айтуымыз керек сияқты», - дейді вице-министр.

Айтуынша, халықаралық рейтинг – объективті. Өйткені ол қарапайым адамдар, яғни қандай да бір елді мекеннің тұрғындары жасайтын тест негізінде дайындалады.

«Ал сапалы тұрақты байланысты қашан қол жеткіземіз дегенге келсек. Біріншіден, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылың соңына дейін Қазақстанның бүкіл аумағын сапалы байланыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Екіншіден, күнделікті өмірде қолданатын байланыс технологияларына қатысты айтарым, біздің мақсатымыз – оптикалық-талшықты байланыс желілерін үй шаруашылықтарына дейін жеткізу. Бұл сіздер үйде немесе кеңседе отырғанда тұрақты Wi-Fi-ға қосылу үшін қажет. Бұл бағытта бірқатар шара қолға алынып жатыр. Соның ішінде қазір біз кеңсе, ғимараттардағы Wi-Fi желісінің сапасын әдейілеп тексереміз. Яғни кез келген адам дәмханаға, дүкенге келгенде сапалы интернетке қосыла алады. Ал мобильді интернет, аты айтып тұрғандай сіз жүріп-тұрған кезде қажет. Біз қазір «ақ дақтар», яғни бірде бір оператор жоқ 350 локацияны анықтадық. Жұмыс жүріп жатыр», - дейді Оразбек.

Вице-министр қазақстандықтарды ұялы байланыс операторларынан сапалы интернетті талап етуге шақырды.