Қазақстанда атауына «қайырымдылық» деген сөз қосқан 1353 ұйым бар – әділет министрлігі

Автор: Бақыт Шынар

Редакция қайырымдылық қорларына қатысты әділет министрлігінен ішінара жауап алды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда ресми атауына «қайырымдылық» деген сөз қосқан 1353 ұйым бар. Бұл – 2024 жылдың желтоқсанындағы статистика, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, редакция еліміздегі қайырымдылық қорларының саны мен оларға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер көзделгенін білу үшін әділет министрлігіне ресми жауап жолдаған болатын.

Ресми хатқа шамамен 1 ай жауап дайындаған министрлік сұрақтарға ішінара жауап берген.

Мысалы, министрлік қорларға берілетін жеңілдіктер өзге органның құзырына жататын мәлімет екенін алға тартқан. Ал қорлардың санына қатысты жауап жіберген министрлік мынандай статистика ұсынды:

«Ұлттық реестрдің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың желтоқсанындағы мәліметке сай, Қазақстанда 7219 қор тіркелген. Олардың 5542-сі – қоғамдық қор, 1154-і жекеменшік қор, 510-ы корпоративті қор, 13-і – мемлекеттік қор», - деп хабарлайды министрлік.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, елімізде ұйымының атауына «қайырымдылық» деген сөз қосқан 1353 заңды тұлғалар бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қазақстанда «Біз біргеміз» атты қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат су тасқынына жиналған қаражатты қалтасына басты деген күдікпен қолға түскен болатын.  Тергеу әлі аяқталған жоқ, дегенмен, қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат 1,7 млрд теңгеге қымбат үйлер мен сансыз әшекей бұйым алғанын жария еткен еді. Соңғы мәліметке сүйенсек, Перизат Қайраттың ісі бойынша оның анасы да күдікке ілінген.