Олар адвокат жалдап, істі сотқа дейін жеткізбек
Қазақстандағы танымал блогер Нағима Настевич жолдасы Александр Настевичпен бірге сатып алған зәулім үйлеріне қатысты алаяқтарға тап болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Нағима Настевич 2024 жылдың күзінде 30 жасқа толғанда жолдасы екеуі Астананың маңынан зәулім үй сатып алған еді. Ерлі-зайыптылар үйді ипотекаға алған. Желтоқсанда олар үйлерін жөндей бастаған. Алайда блогер алаяқтар алдап кеткенін айтты.
«Күніміз адвокатпен кездесуден басталды. Біз өз ісінің шеберімен жұмыс істейтін болдық. Үйімізге қатысты сот істерін бастаймыз. Өзімізге тиесілі дүниенің құқығын қайтарып, соттасамыз. Үйге қатысты жағдайды толық қабылдадым. Біз көлігімізді сатып, бар соманы үй алуға құйдық. Ақырында нағыз алаяқтарға тап болғанымызды білдік. Енді бәрін басынан бастап жатырмыз. Әрине, қатты қынжылдық. Бірақ өзімізді қолға алып, есімізді жинап алдық. Біз заң аясында әрекет етеміз. Бәрі жақсы болатынына сенемін», - дейді Нағима Настевич.
Блогер үйінің ішін сызып берген дизайнерлермен келісімшартты бұзған.
«Алаяқтар күйеуіміз екеуміздің бетімізге қарап күліп, ашық кекетті. Мені жас қыз деп басынып отырған шығар. Олар халықты алдап үйренген шығар. Алайда біз оған жол бермейміз», - деді ол.
Нағима Настевич еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінен кейін екінші орында тұрған проблема - алаяқтық дейді.
«Үй салу мен жөндеу саласында алаяқтарға ұрыну елімізде жиі кездеседі. Адамдар шырылдап сотқа береді, алайда соңында әділдікке жеткендері аз. Жылдап ипотекаға жинаған адамдардың ақшасын алып, алдап соққан алаяқтар бостандықта жүр. Жазасыз жүрген алаяқтар өте көп екен. Біз соңына дейін күресеміз. Адвокаттарда алаяқтардың алдап кеткені бойынша істері қыруар. Біздің елде адамдарды алдап кету – қалыпты жағдай», - дейді ол.
Еске салсақ, осыған дейін танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова да 140 млн теңгенің пәтерін зәулім үйге айырбастаймын деп опық жеді. Ол бастапқыда өзінің құрбысы болған Диляра Тәжімбетовамен әлі де соттасып жатыр.