100 адамнан 255 мың теңге түссе, күдікке ілінеді: енді мобильдік аударымдар қалай бақыланады

Автор: Аягөз Құрмаш

Көлеңкелі нарықпен күресу осылай жүзеге асатын болды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Енді кәсіпкерлердің мобильдік аударымдары тексеріледі. Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы бұл қандай талап бойынша іске асатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мобильді аударымдарды бақылау - көлеңкелі экономиканы анықтау үшін енгізіліп жатқан бастама. Мобильді аударымдар кәсіпкерлерге емес, жеке тұлғаларға арналған. Мобильді аударымдар салықтандыруға жатпайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару мақсатында мобильді аударымдарды көп пайдаланып кетті. Осы тұлғаларды анықтап, өз кірістерінен салық төлеуді міндеттеу үшін, жеке кәсіпкерлерді тіркеу үшін осы моибильді аударымдарды бақылаймыз», - дейді Ерсайын Көптілеуұлы.

Оның айтуынша, мобильді аударым бойынша 100 адамнан төлем алғандар күдікке ілінеді.

«Үш ай ішінде ай сайын 100 тұлғадан түрлі аударым түскендер тексеріледі. Қаржы министрлігінен бізге ұсыныс берілді. Ол да көп талқыланды. 255 мың теңге көлемінде шек қойылды. Егер де айына 100 түрлі адамның жіберген ақшасы 255 мың теңгеден асып кетсе, олар назарға алынады. Ең төменгі жалақыдан аспайтын ақша тапқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Қазір бұл шекті соманы енгізу нормасы әлі жоқ, ол Ұлттық банкпен бірлесе талқыланып жатыр», - дейді ол.

Ал қазір мобильді аударымдар 100 тұлғадан түскен ақша бойынша бақыланады.

Ерсайын Көптілеуұлы қызмет көрсетушілер банк есепшоты арқылы төлем қабылдамай, қолма-қол ақшаны талап етсе, тұрғындар осы заңсыз әрекетке қатысты шағымдана алады. Мұндай жағдай болса, алғаш рет оларға ескерту жасалады, ал бұл әрекет қайталанса, 40 АЕК (157 280 теңге - авт.) көлемінде айыппұл салынады.