Психолог мамандар 2 айдан астам уақыт қашықтан білім алған оқушыларға қатысты пікірімен бөлісті
Пандемияға байланысты екі айдан астам уақыт карантинге қамалған балалардың оқу жылы да аяқталуға жақын. Елде 3,2 миллионнан астам оқушы төртінші тоқсанды смартфон арқылы оқыды. Ал, психолгтар 60-70 күн бөлмеде қамалып, смартфонға телмірген балалар үшін шындығында, қашықтан оқу қызықсыз екенін, олар керісінше, телефонға «шырмалып» қалғанын айтады. Azattyq Rýhy тілшісі екі айдан астам үйде смартфонмен отырған баланың жүйкесі мен денсаулығына қатысты қандай өзгерістер болатынын анықтауға тырысты.
ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕН БАЛА СУИЦИДКЕ ЖАҚЫН БОЛАДЫ
Карантин кезінде дағдарыс орталығына тап болған балалар саны да күрт артқан. Мұны психологтар үйдегі зорлық-зомбылықпен және смартфонға тәуелділікпен байланыстырады. Алматыдағы дағдарыс орталығының психологы Салтанат Маусеитова карантин кезінде көмекке жүгінген жандардың арасында балалардың саны басым болғанын айтты. Маманның айтуынша, онсыз да телефонға әуес оқушылардың таңертең көзін ашқаннан қайта ұйықтағанша смартфонды тастамауы, әрі WhatsApp-пен сабақ оқуы баланы депрессияға түсіріп, даму процесін тежейді екен.
«Қазіргідей қашықтан сабақ оқыту олардың денсаулығын нашарлатады. Онлайн сабақ өткізудің, қашықтан білім беру тәсілін өзгерту керек. Дәл мектепте болатын процесті алды да, скайпқа көшіре салды. Олай емес, басқа елдердің тәжірибесін қарау керек. Қашықтан оқытудың құрылымын өзгерту керек. Осылай телефонға шұқшиып отырған бала депрессия мен суицидке жақын болып келеді. Баламен үнемі коммуникация керек. Бұлай телефонды еріксіз беріп қою оқушының жүйке жүйесіне салмақ салады. Баланың ойлауы мен есте сақтау қабілетін төмендетеді, дамытпайды, әрі тоқырауға ұшыратады. Кез келген сәтте қажетті материалды, сабақты интернеттен алуға болады дегенге әдеттенген бала ізденуге, оқуға, жауабын шешуге талпынбайды, миын жұмыс істетпейді. Адамның миы да осындай ойлау жүйесіне тез бейімделіп алады», - деді Салтанат Маратқызы.
Психологтың айтуынша, Алматыдағы мемлекеттік дағдарыс орталығы карантин кезінде балаларға толған. Орталыққа тап болған жандардың 60 пайыздан астамы бала болса, қалғандары әйелдер екен. Мәселен, бір ғана орталыққа 52 адам жатса, олардың ішінде депрессияға түскен 32 бала бар. Тіпті, балалар бойында ашушаңдық белең алып, айналасындағы адамдармен сөйлесу қабілеті де төмендеген.
«Әсіресе, телефонмен ойын ойнайтын балалар ашушаң болып келеді. Әлеуметтік желілер балаларды тәуелділікке итермелейді, әрі олар адаммен бетпе-бет сөйлесу, әңгімелесу қабілетінен айырылады. Құлаққаппен музыка тыңдау, видео көру бас ауруына әкеледі. Дәстүрлі оқу кезінде бала адаммен тікелей сөйлесіп, қозғалысқа түседі. Психологияның тілінде пубертаттық жас дейді, яғни баланың психологиялық және физиологиялық өзгерістерге түсетін 11-14 жас аралығындағы кезі. Осы кезде балаға міндетті түрде көңіл бөліп, жиі сөйлесу керек. Пандемия баланы үйге қамап, жабық жағдайда отыруға мәжбүрледі. Есесіне, біз қазір баланың даму процесін тоқтаттық. Бұл жағдай күзде қайталанбайды деп сенемін», - деді Салтанат Маусеиова.
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ СМАРТФОНҒА БАЙЛАНЫП ҚАЛУЫ – ТРАГЕДИЯ
Дәрігерлер де қазір оқушылар тәуліктің 4/3 бөлігін смартфонмен өткізетінін айтады. Есесіне, ақ халаттыларға шағым айтып келетін бала саны көбейген. Смартфон адам жанын ғана емес, тәнін де ауруға қылып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың телефонға телміріп ұзақ отыруынан пайда болған аурулардың саны да артқан.
«Жөспірімдер жасына байланысты белгілі дәрежеде өзіне қажетті қозғалыс, күш өлшемін алмағандықтан, олардың бұлшық еттері әлсіз болады. Оған қажетті белок, май және көмірсу бармағандықтан, бұлшық ет талшықтары да әлсірейді. Ал, бұлшық ет қалыңдамағандықтан, сколиоз, яғни омыртқаның қисайып кетуі, мойынның қисаюы, аяқ-қолдары әлсіз болып, бел ауруларына қатысты да шағымданады. Осының бәрі қазір смартфонға көз алмаудың әсерінен. Жасөспірімдердің смартфонға байланып қалуы – трагедия. Олардың мінез-құлқының қатты өзгеріп кетуі осы телефонға байланысты. Адамның эмоциясына жауап беретін және шешім қабылдауға жауапты талшықтар мидың алдыңғы бөлігінде орналасқан. Мәселен, телефонмен хат жазып отырып видеоға, одан қайтадан дыбысқа, мәтінге өтеді. Осындай түрлі ақпарат алмасу түрлерін жылдам игерем деу - мінездің құбылуына, одан бас алмау депрессияға жеткізеді. Бала ашушаң бола бастайды. Есте сақтау қабілеті төмендеп, адаммен әңгімелесуге, физикалық жұмыстарға мүлдем зауқы соқпай, оқшауланады», - деп дабыл қақты Алматы қаласы №4 клиникалық емханасы 1 педиатрия бөлімінің меңгерушісі Дүйсенгүл Жұмаділдаева.
Дәрігердің айтуынша, мектеп оқушысына ғана емес, балабақша жасындағы балаларға да мейлінше смартфон ұстатпаған жөн. Өйткені, 3 жасқа дейінгі балада мидың дамуы өте интенсивті түрде жүреді. Әрі осы уақыт аралығы бала психикасының қаланатын кезі. Осы жаста смартфонға телміріп, телефон бетіндегі сәт сайын ауысып жатқан түрлі-түсті эффектілер мен әртүрлі «сигналдар» бала мінезінің ауытқуына әкеліп, дамуын тежейді.
«3-5 жас аралығындағы балаға да смартфон беруге болмайды. Күніне бір сағат балаға телефон ұстатуға болады, онда да бірге отырып, сәбимен сөйлесіп, оның дамуына қарай пайдалану қажет. Әсіресе, қараңғыда телефонға қараған қауіпті. Көз өте нәзік, микрографиялық талшықтардан тұрады. Телефондағы қараңғы мен жарық, өзге де түстер жылдам ауысқанда көз бұлшықеттері жыртылуы мүмкін, бұл көру қабілетінің нашарлауына әкеп соғады. Бізге ата-аналар «Көзім аши береді, алысқа қарасам көрмейді, жақынға қарсам бұлдырлайды» деген шағыммен балаларын жиі әкеледі. Көз дәрігерлері де оның себебін смартфонмен байланыстырып, диагноз қойып жатыр», - дейді дәрігер-педиатр Дүйсенгүл Қаржаубайқызы.
Телефон ультрадыбысты, электромагниттік сәулелерден тұрады. Одан тарайтын өткір сәулелер денедегі еттен ғана емес, сүйектен де өтеді. Мамандардың айтуынша, сүйектен өтті деген сөз миға зақым келді дегенді де білдіреді.
«Мидың негізгі бөлігі майдан тұрады. Сол майдың тітіркенуінен мидың есте сақтау, есту, көру қабілеті төмендейді. Сәулелердің үнемі адам қасында болуы қатерлі ісік ауруларының көбеюуіне әкеліп жатыр. Адамның дамуын тежеген соң өмір жасы да қысқарады», - дейді ол.
СМАРТФОНҒА ТӘУЕЛДІ БАЛАҒА ҚАРАҒАНДА ІШІМДІККЕ ӘУЕС АДАМДЫ ЕМДЕУ ӘЛДЕҚАЙДА ЖЕҢІЛ
Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар. Ондағы оқушылардың бәрі қашықтан оқыту жүйесіне көшкелі телефонын жанынан тастамайтындар қатары да көбейген. Ал жастардың, оның ішінде оқушылардың телефонға телміруі жоғарыда айтылған кері әсерінен бөлек, баланың білім алуға деген ынтасын да жояды. Ұстаздардың тапсырманы WhatsApp мессенджері арқылы толық түсіндіруге мүмкіндігі жоқ. Ал, оқушылардың ойы басқа жақта. Адам жүйкесін емдеумен айналысатын мамандар телефонға тәуелді болған баланың ойын өзгертуден ішімдікке салынған адамды емдеген әлдеқайда жеңіл екенін айтады.
«Баланың телефонға тәуелді болуын ересектердің есірткіге, ішімдікке тәуелді болуы сияқты қауіп деп қарау керек. Ең қиыны, есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдарды емдеп, жазуға болады. Ал, телефонға тәуелді баланы емдеу өте қиын. Телефондағы ойындар ересектердің құмар ойынға байлануы секілді әсер етеді. Егер сабақтан соң баланың, тіптен кішкентай балалардың қолынан телефонды тартып алсаң, олардың бойында бірден ашу, агрессия пайда болады. Ал, қазіргі қашықтан оқыту телефон ойындарына құмар балалар үшін қызықсыз. Сабақ тезірек бітіп, ары қарай телефондағы ойынға көшсек деп отырады. Бізде онлайн мен қашықтан оқытуда балаларды қызықтыратын, оларды баурап алатын әдістер қарастырылмаған. Қашықтан оқытуда баланың ойы мүлдем басқа жақта жүреді. Телефон, теледидар арқылы берілген сабақты балалар қабылдамайды. Себебі, онлайн немесе қашықтан оқытудың әдіс-тәсілдерін мұғалімдердің өзі меңгерген жоқ», - деді Қазақстанның психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі Жұлдыз Төлеу.
ПОРНОГРАФИЯ КӨРЕТІН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ ЖАСАРЫП БАРАДЫ
Психоаналитик маманның айтуынша, жасөпірімдер ғана емес, бастауыш сынып оқушылары да ұятсыз видеоға әуес болып кеткен. Ал, олардың ата-аналары екі ай бойы балаларының орнына сабақ оқып жатыр. Бастауыш сынып тапсырмаларын оқушылар емес, ата-аналары бас қатарып жатыр. Ата-аналар өз басын ойлап, мазаны алмас үшін смартфон беріп қояды.
«Қазіргі қауіпті мәселенің бірі - жалаңаштанған ұятсыз видеоларды қарайтын балалардың қатары жасарып кетті. Бұрын мұндай видеоға 14-15 жастан асқан жасөспірімдер әуес дейтін болсақ, қазір оны 7-8 жастағы балалар да көреді. Оны тәжірибеден де байқап көрдік. Бірде бұл тәжірибені туыстарымның балалары арқылы да сынап көрдім. Ауылға барғанда, тексеру үшін әдейі 7 жастағы сіңіліме, оның қасындағы достарына смартфонымды бердім. Бір-екі сағат өткен соң смартфонымды өзіме қайтарып, олардың телефоннан қандай дүние іздегенін «историядан» тексердім. Сонда байқағаным, олар бастапқыда мультфильмдер қараған да, аздан соң махаббат жайлы фильмдерге көшкен, содан соң сүйісу мен жалаңаштанған видеоларды қарауға ауысқан. Осы жағдайдан кейін олардың ата-аналарымен сөйлесіп, қадағалау керек екенін айттым. Яғни, ұятсыз видео, ақпараттарды қарайтын балалар әлдеқашан жасарып кеткен. Ондай дүниелер бір көргеннен бала психикасына әсер етіп, үнемі қарағысы келіп тұрады. Оны қараған балаларға мультфильм қызықсыз болып қалады», - деді Жұлдыз Төлеу.
Оқушылар тек карантин кезінде ғана емес, дәстүрлі оқу кезінде де телефонға көп үңіледі. Мамандар мектептерде қазіргідей бір ғана психолог емес, олардың санын арттыру қажет деп санайды. Себебі, оқушылармен тығыз жұмыс істейтін, түсіндіретін, шешетін мәселелер көп.
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА МҮШЕҚАП ТАРАТУ КЕРЕК
«Жоғары сыныптағы оқушыларға мүшеқап тарату туралы мәселе Парламентте көтерілгенін білесіз. Сонда кейбір депутаттар «Бұл не деген сұмдық, масқара!» деді. Мұндайға ескі көзқараспен қарауға болмайды. Өйткені, ол айналада болып жатқан дүние. Қазір аборт өте көп, жыныстық қатынасқа түсу 14-15 жас аралығындағы ұлдардың да, қыздардың да арасында көбейіп кеткен. Ол тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де бар. Сондықтан жоғарғы сыныптағы оқушыларға мүшеқап тарату керек. Бұл амалсыздан, мәжібүрліктен жасалатын қадам. Себебі, аборт өте көп. Дәрігерлер босқа шырылдап жатқан жоқ. Қазір бір мектепте бір ғана психолог бар, ол аздық етеді. Мектепте білікті, білімді бірнеше психолог болу керек», - дейді психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі.
Психоаналитик балаға смартфон бергенде қатаң шектеу болуы керек екенін айтты.
«Байқағаным, төменгі сыныптағы балалардың орнына ата-анасы оқиды. Туыстарым берілген тапсырманы орындау үшін, тіпті 2-сыныптың есебін шығару үшін бір-бірінен сұрап жатады. Бізге ата-аналар «екі айдан бері баламыз сабақ оқуды мүлдем қойды» деп хабарласады. Бәрі қауіпті деп заман ағымынан қалып қоя алмаймыз. Бірақ смартфон берген кезде қатаң шектеу болуы керек. Бірақ ол қазір мүмкін болмай тұр», - дейді психоаналитик Жұлдыз Төлеу.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы