Сауабы мол, ізгі жоба - «Қарызсыз қоғам» аясында сауатын ашып, баспана алған тұрғындардың әңгімелері
Жоба елдің барлық аймағында орындалып жатыр
«Қарызсыз қоғам» жобасы биылғы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Жобасы аясында биыл 780 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттырған. Оның ішінде мұғалімдер, зейнеткерлер, тіпті, оқушылар да бар.
Келесі жылы бұл көрсеткішті 1 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Өңірлерде 150-ге жуық сарапшы тұрғындарға қаржылық сауаттылық курстарын тегін үйреткен. Олардың бірі - Ақтөбе облысынан келген қаржылық сарапшы Ақмарал Айтжанова.
«Біздің облыста 8,5 мың адамды оқыту жоспарланған еді. Ол жоспарымыз орындалды. Жоба бойынша бұл жылды ойдағыдай аяқтап отырмыз. Тұрғындардың қаржылық білімін арттырып, бастарында болған қарыз үшін шектеулерді жоюға септігін тигіздік. Қаржылық қиын жағдайда жүрген адамдарға несиесін өтейтін кесте құруға қолғабыс еттік. 18 жасқа толған кез келген адам курстан тегін өте алады. Ақтөбе облысындағы 12 ауданның бәрін қамтыдық. Облыстағы шалғай жатқан ауылдарды аралап, бес-бес күннен сабақ өткіздік. Қиындыққа тап болғандарға заңгеріміз арқылы көмек көрсеттік», - дейді Айтжанова.
Ол атағандай, жоба аясында «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес ашқысы келетін үміткерлерге бизнес жоспар әзірленген.
Ал Қызылорда облысынан келген қаржылық сарапшы Балдырған Мәмен 8 мың адам қамтылады деп жоспарланған өңірде сұранысқа қарай 11,2 мың адам оқытылған.
«Жобаға келушілер несиеге қатысты келеді. Қарызға батқан тұрғындар проблемаларын шешу үшін жобаға жүгінді. Оның ішінде бюджеттік салада жұмыс істейтін, жұмыссыз азаматтар да болды. Жобаны түсінгендер кейін отбасы мүшелерін ертіп келе бастады. Қаржылық сауаттылықты жүргізуде отбасы болып әрекет ету керек. Ерлі-зайыптылар мен студенттер де қатысты», - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қарызынан құтылғысы келгендер арнайы мақсат құрып шығады.
«Несиеден құтылуға келіп, сауаты ашылған соң «үй алғым келеді, баланың оқуына ақша жинаймын, қауіпсіз қарттығыма ақша жинаймын» деп шығады. Жоба аясында тек қаржылық сауатты ғана меңгертпейміз, мемлекеттік бағдарламаларды да түсіндіреміз. Құжат жинауға көмектесеміз. Сондай екі азамат жақында Қызылордадан баспаналы болды. Біреуі - көпбалалы ана. Екіншісі - мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана. Олар бұрын кезекке тұрып қойған. Байқауға қатысуға жол сілтеп, олардың баспаналы болуына септігіміз тиді», - дейді Балдырған Нұртуғанқызы.
Жобаны аяқтағандарға сертификат беріледі. Ал сертификатты қажет етпей, бірнеше мәрте қатысқан азаматтар да кездескен.
«Олар әр қатысқан сайын түрлі ақпарат алатынын айтып жатыр. «AMANAT» партиясы мен жобаны қолдаған қаржы институттарына алғыс айтқымыз келеді. Бұл жоба сауабы мол, ізгі халықтық жобаға айналды. Бұл еліміздегі қаржылық сауаттылықтың алғашқы баспалдағын салып жатыр», - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылының тұрғыны Орынгүл Қазықызы «Қарызсыз қоғам» жобасына көктемнен бастап қатысқан.
«Менің жалғыз ұлым бар, қазір жасы 17-де. Ол туғаннан бастап баспанасына деп депозитке ақша жинаған едім. Алайда оны қалай жүзеге асырарын білмедім. Осы жобаға қатысқан соң шешімін таптым. Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Бұл сабақтарды оқи отыра көкжиегім кеңейіп, жиналған қаржыны жұмсауды игердім. Несие мен депозиттердің пайызын есептеуді меңгердім. Ауылда бизнес ашуды да түсіндім. Мен ауылда қоғамдық жұмыспен айналыстым. Осы жобаға қатысу арқылы ұлым оқуын бітіріп қалаға келгенде баспанасының дайын тұруына жол аштым», - дейді Орынгүл Қазықызы.
Астанада жобаның қорытындысына арналған іс-шарада «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқандар мен сарапшы болғандар, жобаға қаржылық серіктестік көрсеткендер марапатталды.