Ақтөбеде балық аулауға кеткен екі ер адамның мәйіті табылды

Автор: Дулат Асель

Алдын ала мәлімет бойынша, Нива көлігі суға батып кеткен

Фото: Диапазон

53 жастағы Владимир Курдюков пен 21 жастағы Михаил Дуля 14 желтоқсан күні балық аулауға шығып, содан бері хабарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Диапазон сайтына сілтеме жасап.

«Жолдасым әріптесімен бірге сенбі күні, 14 желтоқсанда таңғы сағат 4-те балық аулауға кетті. Олар Шұбарқұдық арқылы Ойылға жол тартқан. Кешке оралуы керек еді, бірақ қайтып келмеді. Мен ТЖД-ға хабарластым, полицияға арыз жаздым, еріктілерге де айттым», – деп хабарлады жоғалған адамның жары Наталья.

Алайда полицейлер екі күн бұрын жоғалып кеткен балықшылардың денелері табылғанын мәлімдеді. 

«Полиция жедел іздестіру жұмыстарын бастап, нәтижесінде Темір ауданы Кенжалы өзенінен ТЖД сүңгуірлері автокөлік салонынан 1971 және 2003 жылы туған ер адамдардың денесін шығарды», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Нива көлігі үлкен жылдамдықпен келе жатып, көпірден құлап, суға батып кеткен.