Министрлік 2024 жылды қорытындылады
Биыл Қазақстан волонтерлікті дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық стандарттарды ұстанатынын растап, қоғамдық маңызды міндеттерді шешуде волонтерлердің рөлін нығайтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство ақпаратынша, қазір елімізде 755 волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашы топ, 275 мың белсенді волонтер, оның ішінде 3,5 мың «Күміс» ерікті жұмыс істейді. Азаматтардың волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысуы және оған мемлекет тарапынан жағдай жасалуы елдегі волонтерліктің дамуына ықпал еткен.
«Үкімет Қазақстанның 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту мен қолдаудың жаңа жол картасын бекітті. Онда әлеуметтік және медициналық, экология және зооқорғау, білім және медиа, төтенше жағдайлар салдарын жою саласындағы және басқа да бағыттарда салалық волонтерлікті дамытуға баса назар аударылды. Елімізде Ұлттық фронт-кеңсе және өңірлік 20 волонтерлік фронт-кеңсесі өз қызметін белсенді жүргізеді, олар ұйымдастырушылық, ақпараттық және ресурстық қолдау көрсетеді, сондай-ақ еріктілер топтарына, ұйымдарға және еріктілерге консультациялық көмек береді», - дейді министрлік.
Сонымен қатар 2024 жылы 5,6 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Бір жыл ішінде волонтерлік бойынша бірыңғай Call-орталық құрылып, оған 2095-тен астам өтініш түскен. Бірыңғай онлайн «Qazvolonteer.kz» платформасы жұмыс істейді, онда 67 мыңнан астам ерікті тіркелген.
Биыл мемлекеттік органдар волонтерлер қоғамдастығымен бірге 55 жобаны іске асырды, сондай-ақ волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында 240 шағын грант берілді. Жобалар аясында 42 мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шара өткізілді. 10 мың волонтер салалық волонтерлік бойынша оқыды.
Халықаралық волонтерлік те белсенді дамып келеді. Ұлттық волонтерлер фронт-кеңсесінің жанында 2023 жылдан бері Халықаралық волонтерлік орталық жұмыс істейді. Қыркүйек айында 7 қазақстандық волонтер Түркия, Кения және Таиланд сияқты елдерге БҰҰ құрылымдарына жұмысқа жіберілді.
Осы жылы 3-4 қазан күндері Астанада АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен волонтерлер слеті өтті. Слет Азияның еріктілері мен волонтерлік ұйымдары үшін ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Оған АӨСШК-ға мүше 14 мемлекеттен (Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Шри-Ланка, Қытай, Бахрейн, Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Таиланд, Тәжікстан, Кувейт, Үндістан, Катар) 450 адам қатысқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Қазақстанның дамуына үлес қосқан үздік қазақстандық және шетелдік еріктілерді ынталандыру үшін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. 2020-2024 жылдар аралығында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 234 волонтер сыйлықпен марапатталды.
Бұдан бөлек «Игі істер марафоны» жобасы жүзеге асты, оның аясында қазақстандықтар 50 мыңға жуық адамның қатысуымен 7 000 «игі іс» жасады. Жоба аясында еріктілер 7 000 жануарға көмек көрсетті, 3 200 көшет отырғызып, 240 тонна қоқыс жинады. 5 желтоқсанда 10 номинация бойынша жобаның 20 жеңімпазы марапатталды.
«2025 жылы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру аясында волонтерлік саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін жаңа тәсілдер әзірлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, халықаралық волонтерлер жылын өткізуге дайындық аясында Қазақстанда Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шара жоспарын әзірлейді», - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрлігі.