Шенеунік әлеуметтік желіде сынға қалған
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықовқа қатысты тәртіптік істі қарап, тиісті шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазан айының ортасында Қарағанды әкімі Мейрам Қожықов желіде Четская көшесінің күрделі жөндеуі аяқталғанын жазып, халықтан сүйінші сұраған еді. Алайда тұрғындардың бірі жөндеу сапасына күмән келтіріп, оны сынап тастайды. Сынды көтере алмаған шенеунік әлгі азаматқа «ақыл айтпай, машинаңмен ойна» деп ашуланып жауап жазған.
Әдеп жөніндегі комиссия қала басшысының бұл қылығы қаншалықты әдепке сай екенін тексерген. Комиссияның шешімімен Мейрам Қожықов жай ғана ескерту алды.
«Тексеріс барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғаны анықталды. Анықталған фактілер негізінде Комиссия «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды», - делінген хабарламада.