Қазақстан мен Ресей шекарасында 500-ге жуық көлік кептеліп қалды

Автор: Нұргүл Абай

Кептеліске ауа райы себеп болған

Фото: МКК

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетінде қалың қар мен боранға байланысты бес жүзге жуық жүк көлігі кептеліп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратынша, кептеліс 13 желтоқсанға қараған түні басталған.

«Сырым» авткөлік өткізу пунктінде Ресейге қарай 450-500 жуық жүк көлігі жиналып қалды. Кептеліске Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Самара облысында ауа райының нашарлауы –  қалың қар, боран, көктайғақ себеп болып отыр», - делінген хабарламада.

Ресейдегі федералды трассаларда қозғалыс уақытша шектелген. Шектеу шамамен бүгін сағат 22:00-ге дейін алынбайды.

«Осыған байланысты жүк көліктері қозғалысын жалғастыра алмайды. Олар күннің ашылғанын күтіп отыр», - дейді МКК.

Жүргізушілерге, сондай-ақ, басқа облыстардағы жақын маңдағы өткізу бекеттеріне бару ұсынылған.