Қазақстанда ауыз суға жарымаған қанша қала мен ауыл бар

Автор: Нұргүл Абай

Ауыз су мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте талқыланды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 6 256 ауылдың 5 130-ы, ал 89 қаланың 65-і жүз пайыз ауыз сумен қамтылған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Республикалық кеңестің отырысы «Ауыз судың сапасы мен халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету» мәселелеріне арналды.

Вице-министр Иран Шарханның айтуынша, ауыз сумен кезең-кезеңмен қамтамасыз ету жоспарында республиканың әрбір өңірі ескерілген. Әр қала мен ауыл бойынша, соның ішінде іздеу-барлау, жобалық-сметалық құжаттама дайындау және құрылыс-монтаж жұмыстарына мониторинг жүргізіледі.

«Қазір 89 қаланың ішінде 65 қаланың халқы орталықтандырылған сумен 100% қамтылған. Жоспар аясында қалған 24 қаланы 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамту жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 6 қала – Шымкент, Державинск, Екібастұз, Шардара, Ақсу және Жетіқара халқы сумен қамту қызметтеріне 100% қол жеткізеді. 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасында келесі жылға 59 жобаны жүзеге асыруға 46,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл тағы алты қалада сумен қамту қызметтеріне 100% қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Қосшы, Ерейментау, Тараз, Өскемен, Балқаш және Көкшетау қалалары. Сондай-ақ Шемонаиха мен Макинскте жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен 2025 жылға қосымша 1,2 млрд теңге қажет», - деді Иран Шархан.

Оның айтуынша, қалған 10 қала бойынша президент тапсырмасының орындалмай қалу қаупі бар.

«Алматы, Арқалық, Қарағанды, Тобыл және Шу қалалары бойынша 75 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттама бар. Талғар қаласында әкімдік жобаны тездетіп түзетіп, қымбаттаған соманы жергілікті бюджеттен қарастырғаны дұрыс, ал нысанды келесі жылдың соңына дейін аяқтауы керек. Астана, Семей, Павлодар және Теміртау бойынша жобалық-сметалық құжаттама жоқ, жобалардың құны болжаммен 23,2 млрд теңге»,  - дейді министр орынбасары.

Сондай-ақ вице-министр ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту мәселесіне тоқталды.

«Қазір 6 256 ауылдың 5 130-ы сумен қамтылған. Қалған 1 126 ауыл 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілуі керек. Бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында халқы аз 810 ауылда жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылады. 303 ауылда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің желісі бойынша орталықтандырылған сумен қамту жүйесі салынады, ал 13 ауылда Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы топтық суағар салу жобаларын жүзеге асыру аясында кентішілік желілер тартылады», - дейді Иран Шархан.

Сонымен қатар, осы жылы 129 ауылға орталықтандырылған су тартып, ал 225 ауылға кешенді блок модуль орнату жоспарланып отыр.

Бұған қоса, вице-министрдің айтуынша, 120 ауылдың халқы өздерінің құдығы болғанына байланысты кешенді блок модульдерден бас тартып отыр. Әкімдіктер тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда бұл ауылдар тізімнен алынып тасталады.