Тоқаев қол қойған заң күшіне енді: мына азаматтар тегін баспаналы болады
Жекешелендіру туралы норма 4 желтоқсанда қолданысқа енді
Қазақстанның 55 мыңға жуық азаматы енді сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерін бастапқы жарнасын төлеп, «рассрочка» арқылы жекешелендіріп ала алады. Ал кейбір санаттағы азаматтарға үй, тіпті, тегін беріледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Қаби Қарахан Azattyq Rýhy тілшісіне жуырда қабылданған заңның басты нормаларын түсіндіріп берді.
Биыл 22 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Бұл заңда кезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып, халықтың әлеуметтік осал тобына «сатып алу құқығынсыз» берілген жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге рұқсат ету туралы норма бар. Осы норма 4 желтоқсан күні күшіне енген. Яғни 55 мыңға жуық азамат Халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе электронды үкімет арқылы онлайн өтініш беріп, әкімдіктен жалға алған пәтерді өз атына ауыстыра алады.
«Мысалы, Астана қаласында 2018 жылы көпбалалы отбасыға арендаға екі бөлмелі пәтер берілді дейік. Алты жыл бұрын бұл пәтердің бағасы 10 млн теңге болған. Бұл үйдің баланстық құны, яғни 2018 жылы әкімдік осы үйді сатып алуға немесе құрылысына осыншама қаржы жұмсаған. Ал қазір бұл үйдің нарықтағы құны 15-16 млн теңге. Егер әлгі отбасы ЦОН-ға барып, пәтерді жекешелендіріп аламын десе, бұл пәтер оған бастапқы бағасымен – 10 млн теңгеге сатылады. Оның үстіне баспананың баланстық құнынан 2 пайыз амортизациясы шегеріледі, өйткені бұл үй алты жыл ішінде тозды ғой. Бұл дегеніміз жобамен 1 млн теңге алынып тасталады деген сөз. Сонда көпбалалы отбасы қазір арендалық пәтерді 9 млн теңгеге жекешелендіріп алады. Мұны үйдің қалдық құны деп атайды. Бірақ әлгі отбасының алты жыл бойы ай сайын төлеп келген арендасы есепке алынбайды», - деп түсіндірді Қаби Қарахан.
Қазір азаматтар пәтерді жекешелендіріп аламын десе, 30 пайыз бастапқы жарна төлеуі шарт. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұның тым көп екенін ескеріп, бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендетіп жатыр.
«Егер пәтер бағасы 15 млн теңгеден асса, 10 пайыз жарнасын беріп, қалғанын 15 жылға дейін рассрочкамен рәсімдеуге болады. Егер 15 млн теңгеден аспаса, рассрочка 10 жылға дейін. Яғни ешқандай пайызсыз, ай сайын тұрақты сома төлеп, үйді өз атыңызға түсіріп аласыз. Егер бастапқы жарнаға ақша жетпесе, үйді жекешелендіруге асықпаңыз. Ешкім қазір үйді өз атыңа ауыстырып ал деп міндеттемейді. Жағдайын түзеп, қажетті жарнаны жинаған соң да жекешелендіруге болады», - дейді басқарма басшысы.
Жекешелендіруге өтініш берген отбасы кірісін растамайды. Несиесін төлемегені үшін «қара тізімге» енсе де, шоттары бұғатта тұрса да, ештеңе етпейді, деп сендірді ол.
Сонымен қатар, осы заңның аясында сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді кейбір санаттағы қазақстандықтар тегін жекешелендіріп алады. Олар:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандар;
- Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер;
- Арал маңындағы экологиялық апаттан зардап шеккендер;
- бұрынғы КСРО-ны қорғаған, соның ішінде Ауғанстанда қызмет өткерген кездері мүгедектігі бар деп танылған әскери қызметкерлер;
- 20 жыл еңбек өтілі бар әскерилер, Мемлекеттік күзет қызметінің, ішкі істер органдарының қызметкерлері, егер мүгедек баласы болса еңбек өтілі – 10 жыл;
- қызмет бабында қаза тапқан ішкі істер органдарының, МКҚ қызметкерінің, әскери қызметкердің отбасының мүшелері;
- саяси қуғын-сүргін құрбандары;
- ғарышкерлер, ғарышкерлерге үміткерлер.
«Міне, осы адамдар ешқандай ақша төлемей-ақ өз атына тегін аудара алады. Жалпы бұл санаттар үшін үйді тегін алу баяғыдан бар нәрсе. Бірақ бұрын мүгедек адам үй алып, өз атына тегін жекешелендіріп алайын деп әкімдікке өтініш берсе, әкімдік бас тартатын. Себебі ол үйдің статусы жекешелендіруге жатпайтын. Әлгі адамның үйді тегін алуға құқығы болса да, үй сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтер болғандықтан, жекешелендіріп ала алмайтын. Ал енді жуырда қабылданған заң бойынша бізде «сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтер» деген ұғым болмайды. Үйлерді тек қана сатып алу құқығымен береміз», - деп мәлімдеді Қаби Қарахан.
Жекешелендіруден түсетін ақша әкімдіктерге, яғни жергілікті бюджетке аударылады.