$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.11.2024, 13:28
Қоғам

«Инвестиция саламын деп алданып қалмаңыз»: полиция ескерту жасады

Алаяқтардың торына түспеу үшін бірнеше маңызды ережені есте сақтау қажет

«Инвестиция саламын деп алданып қалмаңыз»: полиция ескерту жасады
Фото: istockphoto.com

Қосшы қаласының тұрғыны инвестиция саламын деп алаяқтарға алданып қалды. Осы ретте полиция қызметкерлері тұрғындарға барынша сауатты әрі сақ болуды ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысында полиция департаменті инвестицияларға байланысты алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертеді. Жуырда Ақмола облысында полиция компанияға инвестиция салу желеуімен жасалған алаяқтықты анықтады. Соңғы уақытта алаяқтар азаматтарды ақша аударымдары бойынша заңсыз операцияларға араласуға тартып, оларды дроппер, яғни заңсыз делдал ретінде пайдалануды көздейді. Мұндай жағдайда адамдар өздерінің қылмыстық әрекеттерге қатысып жатқанын немесе алаяқтық схеманың бір бөлігі екенін көбіне түсінбейді.

Қосшы қаласында болған жағдай – осының айқын мысалы. Қаланың полицейлері «Industrial-Trading» атты компанияға инвестиция салу желеуімен жасалған алаяқтықты анықтады. Жетісу облысының тұрғыны өзін брокердің «менеджері» ретінде таныстырып, өзінің банктік шотын алаяқтарға пайдалануға берді. Қосшы қаласының тұрғыны бұл шотқа 1 миллион теңге аударып, оны инвестиция деп ойлаған. Алайда бұл әрекет алаяқтық болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, зейнеткер келтірілген шығынды өтеуге мәжбүр. Алаяқтардың торына түспеу үшін бірнеше маңызды ережені есте сақтаңыз:

  • Күмәнді ұсыныстардан бас тартыңыз;
  • жұмыс туралы хабарландыруларды мұқият тексеріңіз;
  • жылдам әрі оңай ақша табуды уәде ететін ұсыныстарға сенбеңіз;
  • қаржылық операцияларда сақ болыңыз;
  • белгісіз адамдардың өтініші бойынша өз шотыңызға ақша аударуға немесе қолма-қол қаражатқа келісім бермеңіз;
  • күтпеген аударымдардан сақтаныңыз;
  • егер сіздің банктік шотыңызға түсініксіз аударымдар келсе, дереу банкке хабарласыңыз.

Алаяқтар көбінесе қарт адамдарды, мектеп оқушылары мен студенттерді нысанаға алады. Сондықтан жақындарыңызға дроппер схемаларының қауіптілігі туралы айтыңыз.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің fingramota.kz сайтындағы мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары күнделікті цифрландырудың арқасында инвестициямен онлайн айналысатын адамдардың саны қатты өсуде. Ісін жаңадан бастаған инвесторлар әлеуетті инвестициялар туралы ақпарат алу үшін әлеуметтік желілерге және үрдістерге жиі жүгінуде.

Алайда, әлеуметтік желі инвесторларға да, сонымен қатар алаяқтарға да көп мүмкінді береді. Қаскүнемдердің қармағына қалай түспеуге болады? Аталған агенттік мамандары ұсынған ақпараттарды оқырман есіне тағы да бір мәрте салсақ.

Жылдам әрі көп пайда табуға уәде беретін жалған сайттар. Қазақстанда алаяқтар ресурс өндіруші кәсіпорындарға инвестициялар тақырыбын жиі қолдана бастады. Қаскүнемдер компаниялардың ресми парақшаларын көшіретін жалған веб-сайттар жасайды және болашақта компанияның пайдасының бір бөлігін алу үшін-мыс, мысалы, бағалы металдар немесе мұнай өндіруге инвестиция салуды не ірі компаниялардың акцияларын немесе жалған «токендерін» сатып алуды ұсынады. Бағалы қағаздар мен криптовалюталарға инвестициялауға ниет білдіретін адамдарды барынша көптеп тарту мақсатында жалған инвестициялық веб-сайттар жасайды.

Алаяқтар танымал әлеуметтік желілер (Facebook, Telegram) арқылы онлайн-жарнаманың көмегімен адамдарды өздеріне тартады. Ол жерде танымал адамдардың атынан посттар орналастырады немесе жоғары кірісі бар күдікті құралдарды жарнамалай отырып құзыретті қаржыгерлер ретінде сөз сөйлейді. Бұл платформа туралы посттың астына әдетте өзінің пайдасын ашық көрсете отырып ақшаны осы платформаға салуға шақыратын ауқатты инвесторлардың жалған жазбалары жарияланған.

Бұл схеманың бірінші қадамы – адамның платформада тіркелуін мәжбүрлеу, екінші қадам — виртуалды шотты толтыру, яғни ақша аудару. Бұдан әрі алаяқтар «қаржы сарапшысы» деп аталатын әлеуетті құрбандыққа тіркеп қояды, анағұрлым табысты бағалы қағаздарға ақша салуға көмектеседі-мыс. Шын мәнінде, жалған сарапшының міндеті – адамды мүмкіндігінше көп ақша салуға сендіру.

Қаскүнемдер әлеуетті клиенттерге арнап жасалған есептер мен графиктерді ұсынады, мұнда виртуалды шотта табысты инвестициялардан түсетін кірістер өсе түседі деп сендіреді және ақшаны көбірек салуды ұсынады. Егер адам өз салымдарын алуға тырысса, онда алаяқтар бірден жоғалып кетеді, ал алданған инвесторлар уәде етілген табыссыз ғана емес, сонымен қатар бастапқы капиталсыз қалады.

Сондай-ақ, алаяқтықтың кең таралған схемаларының бірі – инвестициялық веб-сайтқа (фишингтік сайтқа) тіркелу үшін пайдаланушылардан белгілі бір пікіртерімнен өтуді сұрайды. Ол үшін өз деректеріңізді енгізу қажет: аты, тегі, электрондық мекенжайы және телефон нөмірі. Алаяқтарға адамның ұзақ уақыт ойланғаны пайдалы емес, сондықтан олар өз жазбаларында платформаға тіркелу жақын арада аяқталады деп хабарлайды. Егер сіз пікіртерімнен өтсеңіз, онда компьютерге немесе смартфонға зиянды бағдарламалық қамтылым автоматты түрде орнатылады, ол сіздің деректеріңізді ұрлап, оны алаяқтарға жібере алады.

Инвестициялық шешім қабылдаған кезде танымал адамдардың пікірлеріне немесе айтқанына сенбеңіз. Алаяқтар өз клиенттерін адастыру үшін мемлекеттік дәрежедегі беделді, ықпалды адамдардың, сондай-ақ атақты адамдардың фотосуреттері мен бейнежазбаларын пайдаланады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қарапайым азаматтың қор биржасында бағалы қағаздарды өз бетінше сатып алуға немесе сатуға құқығы жоқ. Ол мұны тек брокер – кәсіби нарық қатысушысы арқылы жасай алады. Брокердің міндетті түрде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясының болуы және биржаның тікелей мүшесі болуы тиіс.

Жалпы айтқанда мынаны есте сақтау қажет: алаяқтарға қарсы тұрудың ең тиімді құралы – сіздің қырағылығыңыз бен ақпараттылығыңыз. Әрдайым сақ болыңыз, күмәнді жағдайларда полицияға немесе банкке жүгінуден тартынбаңыз.

Серіктес жаңалықтары