$ 530.12  546.08  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.12.2024, 17:10
Қоғам

ChatGPT, «Алиса»: жасанды интеллект қазақша сөйлеуі үшін цифрлық сөздік қоры құрылады

Мәжілісте заң қабылданды

ChatGPT, «Алиса»: жасанды интеллект қазақша сөйлеуі үшін цифрлық сөздік қоры құрылады
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісі мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын құру туралы норманы көздейтін заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл норма «Мәдениет туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.

Депутат, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіру жоспарланып отыр.

«Заң жобасында мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын жасау мен Ұлттық тіл корпусы туралы арнайы нормалар енгізілген. Бұл нормалар мемлекеттік тілді жасанды интеллектінің күшімен дамытуды көздейді. Мысалы, ChatGPT, «Алиса» бар, осының бәрі қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін де біріздендірілген сөздік қоры, яғни, тілдік ақпараттық жүйе керек. Қысқасы адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры керек. Цифрлық сөздік қорды жасау және оны қолжетімді ету жасанды интелектіні қазақша сапалы сөйлетуге ықпал етеді», - деп мәлімдеді Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, жасанды интеллектіні сөйлету бар сөздерді құя салумен шектелмейді, ол - күрделі процесс. Себебі, адам әр сөзді қолданылған орнына, дыбысталған ырғағына қарай, қандай мағынада айтылып тұрғанын түйсігімен түсіне алады, ал жасанды интеллектіде ондай түйсік болмағандықтан әр сөз алгоритм арқылы қолданылады.

«Мысалы, бір сөзді 500 контексте беруіміз керек. Әрбір сөзді ыңғайына қарай, әр контексте бермесең, разметкасын енгізбесең, робот оны қалай пайдаланатынын білмейді. Сондықтан бұл үлкен жұмыс және бұл жай ғана сөздік емес. Яғни тіл үздіксіз дамып отырады десек, цифрлық сөздік қорымыз да сонымен бірге ілесіп, жетіліп отыру керек», - дейді мәжілісмен.

Аймағамбетов ұлттық сөздік қор бәріне ашық, қолжетімді ақпараттық жүйе болатынын, бұл халықтың күнделікті өмірде тілді дұрыс қолдануына жағдай жасайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, мұғалімдер, оқушылар, студенттер мен мемлекеттік органдар да интернет арқылы осы «ақпараттық ресурсты» тегін пайдалана алады.

«Осылайша, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің «бас анықтамалығы»сияқты болады», - дейді депутат.

Мәжіліс депутаттары заңды қолдап дауыс берді.

Серіктес жаңалықтары