Жылу тасымалдайтын кәсіпорындар жоғары тариф арқылы бюджеттен көбірек ақша алып отырған

Автор: Нұргүл Абай

ЖАП мемлекеттік аудит жүргізген

Фото: freepik.com

Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар арасындағы тариф айырмашылығы азаяды. Осылайша табиғи монополиялар субъектілерін «жасырын субсидиялау» мүмкіндігі алынып тасталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ЖАП жылумен қамту саласына мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеріс кезінде тұтынушылар топтары арасындағы тарифтерде айтарлықтай айырмашылық бар болып шықты.

«Табиғи монополия субъектілерін тікелей субсидиялау деген жоқ. Тек аудит барысында жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және мемлекеттік мекемелерге арналған тарифтер арасында айырмашылық бары анықталды. Тариф жеке тұлғалар үшін едәуір төмен, заңды тұлғалар үшін орташа, ал бюджеттік ұйымдар үшін жоғары болған. Яғни бюджеттік ұйымдар арқылы оларға жасырын субсидия төленіп келген», - деп түсіндірді ЖАП өкілі Azattyq Rýhy тілшісіне.

Осыған байланысты ЖАП табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялауға жол бермеу үшін Ұлттық экономика министрлігіне Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізуді тапсырған. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілді.

«Енді тұтынушылар топтары арасындағы тариф айырмашылығы кезең-кезеңмен қысқартылады», - деп сендірді ЖАП.

Сондай-ақ есепке алу құрылғыларының (бір үйге ортақ, жеке) болуы немесе болмауына байланысты жылу энергиясымен қамту қызметінің тарифтері сараланған.