Елдегі зауыттар суды қайта пайдалануға міндеттеледі: Су кодексінің жобасы мақұлданды

Автор: Нұргүл Абай

Кәсіпорындарға жоспар әзірлеуге екі жыл уақыт беріледі

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда өнеркәсіптік су тұтынушылар суды қайта пайдалануға міндеттеледі. Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған Су кодексінің жобасына осындай норма енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Су кодексінің жобасына қайта және (немесе) айналымды сумен жабдықтауға біртіндеп көшу туралы норма енгізілген. Өнеркәсіптік су тұтынушылар Кодекс қабылданған күннен бастап 2 жыл ішінде қайта және айналымды сумен жабдықтау жүйелерін енгізудің бесжылдық жоспарларын әзірлеуге тиіс. Егер кәсіпорындар мен зауыттардың мұндай жоспары болмаса, оларға арнаулы су пайдалануға рұқсат берілмейді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазір әлемде суды бірнеше рет қайта пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар жетерлік. Олардың бағалары да әртүрлі.

«Екі жыл ішінде кәсіпорындар өз жоспарын біздің инспекциялармен келіседі. Содан кейінгі бес жылда олар осы жоспарын жүзеге асыруға тиіс. Біз оларға жеті жыл уақыт беріп отырмыз», - деді Нұржігітов Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ жаңа Су кодексіне алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілген. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғау мәселелерін қамтиды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамлеясында егер шұғыл шаралар қабылданбаса, судың тапшылығы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дағдарыстар туғызуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты, биыл Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарда тұр. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады. Берілген барлық тапсырманы орындау кезінде, демек 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып әрі үнемделеді», - деді Нұржігітов Мәжілістің жалпы отырысында.

Жаңа редакциядағы Кодекстің қолданыстағы Кодекстен негізгі ерекшелігі – басты назар экономикалық қажеттілікке емес, су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға аударылып отыр.

«Су көздері сарқылуының алдын алу үшін өзен, көл және теңіз экологиялық жүйесін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Осыған орай су ағыны «экологиялық ағынға» және «әлеуетті-еркін ағын» болып бөлінді. Су ресурстарының басыңқы-еркін көлеміне су пайдаланудың перспективалық және жедел лимиттері белгіленді. Кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді. Атап айтқанда, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптар қарастырылған», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, фермерлер мен кәсіпорындарды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін заңнама деңгейінде де, нақты практикалық шаралар деңгейінде де негіз қаланды.

Жаңа құжатта  гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі мәселесі жеке тарауға шығарылған. Бұл тарауда гидротехникалық құрылысжайлар реестрін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ көпфакторлы зерттеулер жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу мәселелері жүйеленген. Сонымен қатар, гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу жоспарланып отыр.

«Халықтың су ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады. Онда елдегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы толық мағлұмат қамтылады», - деп мәлімдеді министр.

Ол жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекциялары мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бұл тетік су ресурстарын қорғауға, олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге қойылатын талаптарды күшейтеді және судың «қара нарығына» қарсы күрестің негізгі құралдарының біріне айналады.