Тергеу барысында күдікті телефонды ломбардқа өткізгені белгілі болды
Нұра ауданында ұялы телефон ұрлығы тіркелді. Жәбірленуші дәмханада жаңа танысқан жігітпен бірге уақыт өткізіп, кейін пәтер жалдаған. Алайда таңертең тұрғанда, жігіттің де, «iPhone 14» телефонының да жоқ екенін байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдікті жәбірленушінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, еш қиындықсыз телефонды алып, пәтерден шығып кеткен. Қала тұрғыны болған жайт бойынша полицияға шағым түсірді.
«Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысты 20 жастағы жас жігіттің жасағанын анықтады. Тергеу барысында күдікті телефонды ломбардқа өткізгені белгілі болды, бұл жәбірленушіге 500 мың теңгеден астам шығын келтірген», - делінген хабарламада
Қылмыс бейнебақылау камераларының көмегімен ашылды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта оның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.